Мақтааралда 17 кітапхана бар
Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын. «Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деді Мемлекет басшысы. Сондықтан да Қазақстан Президенті жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін баса айтты.
Президенттің тапсырмасы Мақтаарал ауданында ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Мақтааралдағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі сонау 1959 жылы құрылған екен. Басында шағын ғана балалар кітапханасы болып ашылған. 1996 жылы үш аудан біріккенде Жетісайға ауысыпты. 22 жылдан кейін аудан бөлінген кезде орталық та өз алдына еншін алып шығыпты. Көне ғимарат аудан әкімінің пәрменімен толықтай күрделі жөндеуден өтіп заман талабына сай жаңғырған.
Кітапхана басшысының ұйымдастыруымен бірнеше тың иделар жүзеге асырылып келеді. «Біздің ауылдың тұрғыны» деген ерекше жобада аудандағы зиялы қауым, ақын-жазушылар, кәсіпкерлер мен дихандар тіпті өнерлі жастар мен спорт саңлақтары жайлы айтылып, халыққа кеңінен насихатталады. Ал, «Бір ауыл бір кітап»жобасында таңдалған туындыны ауыл болып оқып, өз пікірлері мен ойларын ортаға салады. Бұл оқырман мен кітапханашылар арасын жақындатады.
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі толықтай интернетпен қамтылған. 12 компютері бар. Қызметкерлер орталықтағы әрбір шығарманың атауы мен мазмұнын компютерге енгізген. Оқырман іздеген оқулығын тез тауып алады. Оған қоса түнгі кітапхана жобасы тағы бар. Өйткені жазды күндері аптапты ыстыққа қарағанда жұрт кешкі салқынмен оқығанды жақсы көреді.Оның үстіне мақтааралдықтардың басым бөлігі күндіз егістік алқаптарында жүреді. Сондықтан кешқұрын саябақтарда да жылжымалы кітап көрмесін өткізіп тұрады екен.
Кітапхананың өзінде балалар бөлімі жұмыс істейді. Ол жерде оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Арнайы мамандар жұмыс істейді. Балаларды сурет салу, шахмат, шашка, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түріне баулиды. Кітап оқу руханият пен саясат қана емес ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше, дейді мәдениет ошағындағылар.