13 шақырымдық жол күрделі жөндеуден өтеді
Жақын күндері Сайрам ауданында «Ақсу-Манкент-Жібек жолы» автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмысы басталады.
Ақсукент, Манкент, Жібек Жолы ауыл округтерін жалғап жатқан аудандық маңызы бар КХ-40 жолының 13 шақырымын күрделі жөндеу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр.
Осыған орай бүгін Манкент ауылдық округінің әкімі А.Сайдмұратов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор басшысы Е.Дүйсебаев, сондай-ақ құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшылары жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесуде мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз деп танылған «Шымкентдорстрой» ЖШС-і мен «Тұран Құрылыс» ЖШС-і таныстырылды.
Жиын барысында тұрғындар жол құрылыс жұмыстарының сапасы, аяқжолдар салу, су науалары және қоқыс тастайтын жәшіктер орнатуды, өзге де мәселелер бойынша өз пікірлерін жеткізді.
Манкент ауылдық округінің әкімі А.Сайдмұратов биылғы жылға жоспарланған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Ұлықбек, Жалал ата, Сайрам және 2-ші тұйық көшелерін жарықтандыру, Долан тас және Жаңа Шаһар көшелеріне жоғары кернеулі трансформатор орнату, ауылдағы үйлерге нөмірлер /QR-код/ және көше атауларын орнату жұмыстары атқарыламақ.
Бірлік, М.Әліқұлов, Ақсу көшелеріне трансформатор орнату, ауыл орталығын абаттандыру, Айнабұлақ-1 көшесінің жолын орташа жөндеу, Ақсу көшесіндегі тозығы жеткен электр бағана ауыстыру және Фурқат көшесін жарықтандыру жоспарлануда.