Сансыз бабтар мекенінде жас ақын тың идеясымен бөлісті
Сайрамда аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер және белсенді жастармен кездесу өтті.
Жиында «Шам» әдеби бірлестігінің жетекшісі, ақын Сүндет Сейітов қаламгерлерге қолдау мемлекет тарапынан болу керектігін айтты.
– Ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан қолдау болса деген ұсыныс бар. Әрине, жергілікті әкімдік тарапынан шығармашылық иелеріне демеушілік жасалып, кітаптары басылып шығып жатыр. Дегенмен маркетингті меңгермеген қаламгерлер кітаптарын қалай өткізерін білмей қиналып жатады. Осының салдарынан кітаптары қап-қап болып жиналып қалып кетеді. Осы мәселені болдырмас үшін, жергілікті әкімдіктер кітапханалармен бірлесе жұмыс істеп, ақын-жазушылардың кітаптарын сатып алуды жолға қойса деген ұсыныс бар. Сонда қаламгерлер қаржылық қиындық көрмей, әр жерге бір сандалмай шығармашылығымен емін-еркін айналысар еді. Олар оқырмандарға тұщымды дүниелер сыйлау үшін бар уақытын, бар назарын жеке шығармашылығына арнайды. Сонда ғана сүйекті дүние жазылады. Менің ойымша, ақын-жазушы кітапты өзі сатпау керек. Оны әкімдік жолға қойғаны жөн. Ақын-жазушыға шығармашылықпен айналысуға қолайлы жағдай жасалса болғаны, - деді Сүндет Сейітов.
Ал жергіліктік жас қаламгерлер әдеби кездесулер көптеп ұйымдастырылса деген пікір білдірді. Себебі аудандағы жастар өз қазандарында өздері қайнап, облыс орталығындағы әріптестерімен араласып, өзге аудандағы әріптестерімен тәжірибе алмаса алмайды. Егер жиындар жиі ұйымдастырылып, жастар бір-бірімен ұдайы жүздессе, ілгері даму болар еді деді. Жергілікті ақын-жазушылардың пікірін Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым назарға алатынын, биыл әдеби кештер көптеп, әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл мақсатта өңірдегі барлық аудан әкімдіктерімен тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Сайрамдық зиялылар арасынан ақын Зияда Исатайқызының қазіргі руханият туралы ойы көпшіліктің көңілінен шықты. Ал белгілі журналист, аудандық газеттің тілшісі Салтанат Абылбекованың әлеуметтік мәселесін аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тікелей бақылауына алатын болды, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.