Экспорт жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті
17-19 қараша күндері Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Шымкент өнімдері-2021» көрмесі өтуде. Іс-шара аясында Шымкент қаласындағы экспорттаушы ұйымдардың өңірлік кеңесінің отырысы болды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев, өңірлік кеңестің мүшелері, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» Шымкент және Түркістан өңірлік өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиал директорының орынбасары қатысты. Кеңестің негізгі мақсаты қаланың экспортын дамыту және ондағы мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
Мәжілісте экспортты дамыту және ілгерілету жайы талқыланып, «СТ-KZ» қазақстандық стандарт сертификатын алу мәселелері қаралды. Шикізаттық емес экспортты дамытудың бірден бір жолы өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдау екені айтылды. Өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған «Бизнестің жол картасы - 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытуың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Айта кетсек, 2021-2023 жылдары қалада 1000 сауда нүктесімен өңірлік 50 брендті қалыптастыру (3000 жұмыс орны), 500 жеке кәсіпкерлік нысаны бойынша 4 кіші индустриалды аймақ құру (2,5 мың жұмыс орны) жоспарланған. Сонымен қатар, 30 кооператив ұйымдастырып, шаруа қожалық санын 600-ге жеткізу назарда болады. Жұмыс орнының саны – 1,5 мың.
Бүгінде шаһарда 69,5 мың шағын кәсіпкерлерік нысан жұмыс істейді: Абай ауданында – 24 177, Әл-Фараби ауданында – 16 551, Еңбекші ауданында – 16 151 және Қаратау ауданында – 12 651 нысан бар.
Белсенді шағын және орта бизнес нысандарының санын биыл 71 мыңға жеткізу көзделген. Ал 2023 жылы 83 мыңға жеткізу жоспарланған.