Қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі артады
Қала әкімі танысқан құрылыс нысандарының бірі - А-2 «Алматы – Ташкент» автомобиль жолының қайта құру жұмыстары болды. Құрылыс мерзімі 2018-2024 жылдар аралығына жоспарланған жоба жалпы 8 кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең - Қ.Төлеметов көшесінен Ынтымақ ш/а дейінгі аралық. Бүгінде жер жұмыстары, жол негіздерін төсеу, жол жамылғысын салу, кәріз жүйесін ауыстыру, аяқжол салу, жарықшам бағаналарын орнату, арық жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезең осы жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған, қазіргі уақытта 90% жұмыс атқарылды.
Екінші кезең – Ынтымақ ш/а Темірлан тас жолына дейінгі аралық. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырым, ені 80 метр, төрт жолақты. Қазіргі уақытта жұмыс 60 пайызға орындалған, келер жылға өтпелі.
Үшінші кезең – Жанаталап елді-мекеніндегі бұрылыстан кейінгі Бадам өзені көпір жүйесі 100% аяқталған.
Төртінші кезең – Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейін. Жалпы ұзындығы 1,86 шақырымды құрайды. Автомобиль жолының ені 35,5 метр, алты жолақты. Құрылыс жұмыстары басталды, жолды келесі жылға аяқтау жоспарланған.
Автомобиль жолының төрт кезеңінде де екі жағынан су ағатын арық, жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату көзделген.
Бұл жолдардың құрылысы аяқталғанда қаладағы көлік кептелісі азаяды және қанағаттанарлық жағдайдағы сапалы жолдар үлесі артады.