«Учаске» шарасы нәтижесін беруде
ҚР ІІМ-нің бастамасымен ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыс аумағында “Учаске” профилактикалық іс шарасы өтуде. Іс шараның негізгі мақсаты – халық арасында ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде экстремизм және терроризм деректерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Жедел-профилактикалық іс шараны өткізу кезеңінде полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерді пәтерлер мен аулалар, сондай-ақ профилактикалық және тізімдік есептерінде тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша толық тексеруде.
Осы орайда Қаратау ауданы №58 УПП учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ж.Байжарқынов Қ.Төлеметов бойындағы 40-қа жуық пәтерді, дүкендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 6 әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кететін жайт, аталмыш акция 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон, криминалдық, патрульдік полиция және басқа да қызметтердің қатысуымен әрбір учаскелік аумақтардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар бүгінде өз нәтижесін беруде.