Ордабасыда су қоймасы салынады
Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағынан Қызыл-Сеңгір мен Боралдай мекендерінің арасындағы Боралдай өзенінің бойынан сыйымдылығы 50-60млн м3. болатын су қоймасы салынады Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетері, бұл жоба президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр халыққа арнаған Жолдауында суландыру жүйесіне қатысты берген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асып отыр. Жаңа нысанның ені 2 шқ., ұзындығы 5 шқ. құрайды. Нәтижесінде Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласынан жалпы 45 мың гектардан астам жер қосымша ағын сумен қамтамасыз етіледі. Құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.
Аудандағы жаңа жобалар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке Ордабасы ауданына жасаған ресми іс-сапарында таныстырылды. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын жаңа жобаларды баяндады. Каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде суару маусымында су шығыны 25-35 пайызға дейін кеміп, егістік алқаптар толықтай мерзімінде ағын сумен қамтамасыз етіледі және өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артады.
Сондай-ақ, тік дренаждарды іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиоративтік жағдайлары жақсарып, жер асты суларының деңгейі төмендейді. Қосымша егістік алқаптар ағын сумен қамтамасыз етіліп, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артады. Биыл тоғыз жолдың торабында орналасқан Төрткүл ауылдық округінде табиғи газ, орталықтандырылған ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмек. Жолдар жөнделіп, ескірген жарық жүйелері жаңартылады. Ауыл орталығында бой көтерген ірі спорттық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бадам ауылдық округінде салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Келер жылы Ордабасы ауданында тағы 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында аудандағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.