Асыл тұқымды мал шаруашылығына қолдау көп

Oinet.kz 09-09-2021 666

3.jpeg 

Жуырда халыққа арнаған Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. 

-Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын   шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды,-деді президент. 

Түркістан облысы Төлеби ауданы Балдыберек ауылының тұрғыны Бегман Апашев асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Ол бұған дейін күн көрудің қамымен түрлі жұмыстарды істеген. Ақырында «Ангус» тұқымды ірі қараның санын көбейтіп, мал шаруашылығымен айналысуға тоқтаған. Мемлекеттен берілетін субсидияны тиімді пайдаланып, асыл тұқымды сиыр сатып алған. Қазіргі таңда, еткен еңбектің арқасында мал басы санын 90-ға жеткізіп отыр.

«Елімізде мал шаруашылығын дамытуға көптеп көңіл бөлініп жатқанын еститінмін. Сосын осы шаруамен неге айналыспасқа деген ой келіп, әрекеттің арқасында арманымды іске асыра бастадым. Қазір жеке айналысатын ісім, табыс көзім бар. Мүмкіндік болса тағы қосымша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін көмекті ала отырып, кәсібімнің өрісін кеңейтсем деген мақсатым бар», – деді қожалық иесі.

Шаруа биыл белгілі себептермен субсидияға қол жеткізе алмаған. Алайда, келер жылы қолдауға ие болатынына сенімді.


Шардара 100 пайыз екпе қабылдады
Ордабасыда су қоймасы салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу