Шардара 100 пайыз екпе қабылдады
Шардара ауданының тұрғындары толықтай коронавирусқа қарсы екпе алды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шардара ауданында 78 мың адам тұрады. Ал аймақтағы вакцина салдыруы тиіс 35 625 адамның барлығы қабылдаған. Қалған тұрғындар денсаулық жағдайына байланысты екпе салдырудан босатылған. Оның ішініде кәмелет жасқа толмаған балаларда бар. Сондай-ақ, облыстағы Созақ ауданы 99%, Отырар мен Төле би аудандарының 96% болса, Арыс 95% пен Мақтаарал ауданының 93% тұрғыны екпе салдырған.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыста вакцинаның бірінші бөлігін 778 010 адам салдырды, ал екінші компонентті 625 117 тұрғын қабылдады.
Соңғы тәулікте, облыс бойынша коронавирусқа шалдығудың 34 жағдайы тіркелді. Індетті өсу қарқыны – 0,25% құрап отыр. Бүгінде инфекциялық стационарларда 2600 орын бар, 1770 төсек орын бос. Індет басталғалы коронавирустың 13 372 жағдайы тіркелді.
Айта кетері, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында:
-Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан, екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн,-деп атап өткен болатын.