Түркістандағы Оқушылар сарайы заман талабына сай жабдықталған

Oinet.kz 10-09-2021 691

1.jpg

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жыл басында жұмысын бастаған Оқушылар сарайы заман талабына сай жабдықталған. Білім ордасында әртүрлі бағыттағы студиялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Орталықта жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді пайдалануына барлық мүмкіндік жасалған. Оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына мүмкіндік бар. Мұнда Технопарк, «IT SANA» орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы, Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау барлығы 60-қа жуық үйірме жұмыс істейді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Turkistan» телеарнасының жұмысымен танысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған халықаралық телеарна түркітілдес мемлекеттердің ақпарат кеңістігінде бірнеше тілде хабар таратады. Күн сайын өзекті ақпараттар мен қызықты бағдарламалар, телехикаялар мен деректі фильмдер топтамасын ұсынатын телеарна түркітілдес елдер арасындағы ақпарат алмасу мен бірегей ортақ медиа кеңістік қалыптастыруға алтын көпір болмақ.

Облыс әкімі «Түркістан-арена» стадионында болды. 7 мың орынға арналған спорттық кешенде спорттың әр бағыты бойынша жеке-жеке залы бар. Негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Акробатика, бокс, ауыр атлетика, спорттық гимнастика және йога залдары толық талаптарға сай жасақталған.

Облыс әкімі Түркістанда бой көтерген Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде болып, жұмыс барысымен танысты. Мәдени нысан концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға арналған.


Сарыағашта жаңа мектеп пайдалануға берілді
Шардара 100 пайыз екпе қабылдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу