Ясауи кесенесіне зиярат етіп келушілер саны алдағы күндері 5 млн-ға жетеді
Ясауи кесенесіне зиярат етіп келушілер саны алдағы күндері 5 млн-ға жетеді. Бұл туралы Түркістанда өткен «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ – ҰЛЫ МҰРА» халықаралық туристік форумда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып өтті.
- Түркістанның дамуы – Елбасының назарында. Еліміздің Тұңғыш Президентінің күнделікті бақылауының арқасында, Мемлекет басшысының қолдауымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі шара ең алдымен, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Ясауи кесенесіне зиярат етіп келушілер саны күн сайын артып, 1 млн-нан асты. Алдағы уақытта олардың қатары 5 млн-ға жетеді. Қасиетті мекенде археологиялық туризм, этнотуризм секілді туризмнің көптеген түрлерін дамытуға мүмкіндік бар, - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Егемендік жылдары ел Үкіметі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу, сақтау және дәріптеу жолында ауқымды жұмыс жүргізгені белгілі. Туризм саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды және нормативтік-құқықтық база жетілдірілді.
- Жақында ғана заңнамалық өзгерістер қабылданып, туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Бұл шаралар 2019 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаны толықтырады. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласына кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделді, - деп атап өтті форумның модераторы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов