Керімхан Қадырбеков: «Шындық бар екен»
Бір қызығы, оңтүстіктегі тышқан жылының басты саяси дауы билік пен оппозицияның арасында емес, бір шаңырақтың астында өрбіді. Бірімен-бірі айтысып, тартысып, бір қазанға басы сыймаған екі жақ та – «Нұр Отан» партиясының белді мүшелері. Астанадағы партия басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің кезекті науқанды жариялауы мұң екен, Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов білек түріп, белсеніп шенеуніктердің шаңын қағуға кірісті. Әсіресе қалалық әкімдіктегі аппарат басшысы Керімхан Қадырбеков пен білім бөлімінің меңгерушісі Ғабит Нысановқа қатты шүйліккені соншалық орта мектептерде ақша жинауға қатысы бар деген айып тағып, партия қатарынан шығару мәселесін қойды. Ушығып бара жатқан дауға тіпті облыстық саяси кеңес мүшелері де араласып көріп еді, болмады. Партбилетінен айырылған азаматтар өз еркімен қызметтерінен кетіп, құқығын қорғау үшін сотқа шағымданды. Ұзаққа созылған сот процесінің нәтижесінде оларға тағылған айыптың негізсіз екені дәлелденді.
Дегенмен, бұрынғы қызметтеріне «экс-нұротандықтар» қайтып оралған жоқ.
Өтіп бара жатқан тышқан жылы жайлы Керімхан Қадырбековпен байланысып, пікірін сұрадық.
Керімхан Қадырбеков: «ШЫНДЫҚ БАР ЕКЕН»
-Кераға, қазір қайда жүрсіз?
- Облыстық кәсіпкерлік басқармасында әкімшілік бөлімінің бастығымын.
- 2008 жылға қандай баға бересіз? Келер жылға не үміт артасыз?
- 2008 жыл мен үшін қуанышты жыл болды, себебі дүниеге немерем келді. Атын Димаш қойдық. 2009 жылдан тек жақсылық күтемін. Дағдарыс біздің мемлекетте ғана болып жатқан жоқ қой. Ондай қиындықтардың болмауы мүмкін емес. Үкімет, әкімдік, біздің басқарма тарапынан шаралар қолданылып жатыр. Аса үлкен қиындық тумайды деп ойлаймын. Дағдарыс 2009 жылдың бірінші жартысына дейін болады деген болжамдар айтылып жатыр ғой. Экономикамыз қалпына келеді деп ойлаймын. Ең әуелі кіші орта бизнесті қолдау керек.
- Биылғы жыл сіз үшін оңай соққан жоқ. Мелдехановпен келіспеушілігіңіз бірнеше айға созылды...
- Шындық бар екен, әділдік бар екен. Соттың шешімімен таза болып шықтым. Бәрін дәлелдедім.
- Дегенмен, сотта жеңгеніңізбен, бұрынғы қызметіңізден кеттіңіз.
- Меніңше, екі жақ тең түсті. Себебі, мен қызметтен өз еркіммен отставкаға кеттім. Сол кезде «маған жала жабылып жатыр, сотта жеңіп шыққан соң ғана мемлекеттік қызметке заңды түрде қайтып ораламын» деп айтқан сөзім бар. Осы сөзімде тұрдым. Бірақ, тура бұрынғы қызметіме келемін деген әңгіме болған жоқ. Әділдік жеңді, шындық бар екен. Соған қуанамын.
- Қазір «Нұр Отанның» мүшесісіз бе?
- Жоқ, «Нұр Отанның» мүшесі емеспін. Соттың шешімі шығып, мемлекеттік қызметке тұрған соң облыстық филиалдың төрағасы Нұрғали Әшімовке арызымды жазып бердім. Енді, соттың шешімін ескере отырып, партия қатарына алынамын деген үмітім бар.
- Арызды қашан тастадыңыз?
- Екі айдың жүзі болды.
- Көп екен. Тағы қанша уақыт жатады деп ойлайсыз?
- Білмеймін, қарайтын шығар енді. Оның қарайтын уақыты болады, тәртібі болады. Қарау керек енді.
"Рейтинг" газеті (2008 ж)