Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Бақтияр Тайжан, «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:
Сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелуі жағынан облыстағы білім саласының бірінші орында тұр
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің мәлімдегендей былтыр білім беру қызметкерлері үстінен 69 іс қозғалған болса, оның 31-і директорлардың еншісінде. Ал биылғы 10 айдың өзінде бұл көрсеткіш екі есе өскенін осы салаға жауапты басшылар мықтап ойлануы қажет. Дәлірегі 103 қылмыстық істің 45-і директорлардың үстінен қозғалған. Нақты фактілер де келтіруге болады. Мысалы, Шымкент қаласындағы №69 орта мектептің директоры бір әйелді жұмысқа қабылдау үшін 40 мың теңге пара алу үстінде ұсталды. Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылындағы орта мектептің директоры да 40 мың теңге парамен құрыққа ілікті. Мектептерде мұғалімдерді жұмысқа кіргізу үшін сұрайтын «ставкалары» әлгі айтылған 40 мың теңгеден әлдеқайда көптігін елден жиі естіп жүрміз. Директор боламын десеңіз оның «ставкасы» өз алдына бөлек, тым қомақты көрінеді. Кеңейтілген мәжілісте облыс әкімі Нұрғали Әшімов, облыс прокуроры Марат Ахметжанов та сыбайлас жемқорлықтан облыстық білім саласының қамшы салдырмай алда тұрғанын қадап айтты. Билік өкілдерінен бөлек, оппозициялық партиялардың мұрындық болуымен өткен жиында білім саласының жемқорлыққа өңешіне дейін батқандығы сынға алынды.
Балқия Көмекбаева, ОҚО білім басқармасының бастығы:
Осы айтылғандардың бәрі өтірік, жала деп жоққа шығара алмаспын
«Бір биеден ала да, құла да туады» дегендей, халық арасында осындай пікірдің туындауына себептер бар екенін жасыруға болмайды. Қыркүйек айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған жиында Сайрам ауданының 100 шақты, Сарыағаш ауданының екі жылда екі жүз шақты мұғалімі, оның ішінде директорларының демалысқа шығар қарсаңында емдеу үшін бөлінетін қаржыны алғандығы айтылды. Шын мәнінде мұнда тұрған қылмыс жоқ. Кінәлары, категорияларын ауыстырып алғандығында, заң талаптарын толығымен білмегендігінде. Қоғамдық кеңесте осыны түсінген облыс прокуроры қаржы полициясына болмашы себептермен мұғалімдердің беделін түсіре бермеу керектігін ескертті. Ал, мектепке мұғалім қабылдағанда директорлар пара алады дегенді естиміз, нақты фактімен шағынып, бізге ешкім келген жоқ. Дабыл түскен кезде өзіміз қаржы полициясына шығып, анық-қанығына жетуін сұранамыз. Көзің көрмегеннен кейін дәлелдеу қиын. Бірақ, бірталай мектеп директорларының осы мәселеге байланысты құқық қорғау органдарына жауап бергені рас. Денсаулық сақтау басқармасы аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің меңгерушілерін өздері тағайындайды. Бізде керісінше, жергілікті билік білім бөлімдерінің меңгерушілерін өздері өздері тағайындайды. Келер жылдан бастап Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаевтың ұсынысымен оқушылардың ҰБТ тапсырғаны сияқты мұғалімдер де біліктілігі жөнінен компьютер арқылы сынаққа алынады. Сонда дарынсыз, біліксіз, директор талап етсе мені қудалап жатыр деп домалақ арыз жазатын мұғалімдерден арылармыз. Сонда білім саласына байланысты айтылатын айыптаулар азаяды деп сенемін.
"Рейтинг" газеті