Тұрғын үйлердің құрылысы тұралап тұр
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» мөлтекауданында салынуы тиіс тұрғын үйлердің құрылысы тұралап тұр. Өйткені 10-нан астам мердігер компания құрылыс қаржысын қалтаға басып, жұмысты аяқтамай қашып кеткен. Ол аздай банктер де қарызын қайтара алатын қауқары бар азаматтардың өзіне несиені бермей, тірлікті созбалаңға салып келеді.
«Нұрсәт» мөлтекауданындағы баспаналардың құрылысына биыл қазынадан 1 миллиардқа жуық теңге бөлінді. ¬Өкініштісі сол үй-күйсіз жүргендерге әлі күнге оның шарапаты тиген жоқ. Биылғы жылы салынып бітеді деп жоспарланған үйлердің үштен бірінің құрылысы әлі аяқталмаған. Ал 20 үйді бітіріп беруді мендетіне алған 10 мердігер компания ә дегенде ақшаны алып, артынша тірлігін тындырмай ізім-қайым жоғалып кеткен. Қазір құрылыс бөлімі аты бар да заты жоқ бұл компаниялардан қаржыны қайтара алмай дал болып отыр. Қолды болған қаржының көлемі 400 миллион теңгеден асып жығылады.Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Тәжібай Егетаевтің сөзіне сүйенсек қаржысын игермей, жұмысын тастап кеткен компаниялар бойынша құқық қорғау органдарына шағымдар түсірілген. Бүгінде олардың тарапынан іс-қимылдар жүргізіліп жатыр.
Бағдарламаның бағын банктер де байлап отыр. Баспана кезегінде тұрған 70 азамат алдын ала 10 пайыз төлемқысын құйып қойғанымен әлі күнге несие ала алмай жүр. Араларында несиенің тең жарымын төлегендері де бар. Шымкент қаласы әкімшілігі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаеваның айтуынша бастапықыда бұл адамдардың төлем қабілетін тексергенде алғашқы жарна 10 пайыз деп есептелген. Әуел баста күнкөріс деңгейі 10 мың теңге болсын деген келісімге келгендерімен дағдарысты алға тартқан қазір банктер оны екі есеге көтеріп жіберген. Банктердің бұған айтар жауабы жаңылтпашқа көбірек ұқсайды. Қаржы құрылымдары бұл азаматтардың құжаттарын алғаш тексергенде төлемге қабілетті екенін растап анықтама берген. Соған сәйкес баспаналар бөлінген. Енді несие беруге келгенде банктер айтқандарынан тайқып отыр «Түптеп келсек олардың құжаты дұрыс, жарты ақшасын құйған, бірақ кейіннен анықтағанда құжаттары бір-бірімен сәйкес болмай шықты». «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» директоры Айдарбек Меңлібеков осылай дейді.
Мәселені тиімді әрі оңтайлы шешу үшін жергілікті билік қазір банктермен келіссөз жүргізіп жатыр. Нәтижесі қалай болары әзірге белгісіз.
Ғани Қалмаханов,
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі