Отырарда Шәмші рухына құрмет көрсетілді
15 тамыз - ҚР мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туылған күні. Осындай орындары өзгеше биік тұлғалардың дүниеге келген күндері әрбір қазақ баласы үшін қастерлі болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында туған жерге құрмет көрсетіп, оның танымал азаматтарын өскелең ұрпаққа насихаттау керектігін айтқан болатын. Туған жерінің танымал азаматтарынан өнеге алған ұрпақ жарқын болашаққа ұмтылары анық.
Биыл Отырар аудандында Шәмші Қалдаяқов рухына айрықша құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қастерлі есімін иеленген ауылдағы «Шәмші музейі» үйінде тамыздың жанға жайлы мамыражай кешінде «Өмір-өзен» атты мазмұнды іс-шара өтті. Саланатты кешке келген қонақтар бұл күні Шәмші ескерткішіне гүл шоқтарын қою, кітап және сурет көрмелерімен танысу, театрландырылған көріністі тамашалау секілді зор мән беріле рет-ретімен тақырыпқа сай тартымды өткен іс-шараларға куә болып, ризашылықпен қолдарын соқты. Музей үйіндегі әрбір құнды жәдігермен қызыға, құмарта танысқан жұртшылыққа осы жерде одан әрі сәтті ұйымдастырылған ашық сырласу да ерекше тебірентіп, айрықша әсер сыйлады.
- Күллі қазақ даласын әуелеген әсем әндерімен тербеткен «Вальс короліне» өнерсүйер қауым жүрегінің төрінен орын беріп, шартарапты шарлап кеткен абыройлы атын көкке көтеріп құрметтеп келеді. Оған Шәмшінің құрметіне орай өткізілген өнер фестивальдері айқын дәлел бола алады. Осындай дүбірлі, додалы ән байқауларынан талантты жерлестеріміздің топ жарып, бас жүлделерді иеленгендігін әрдайым мақтаныш етеміз, - деді аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов.
Есімін әрқашан мақтаныш ете беретін ән әлемінің падишасының кешінің сәні әуелеген әсем әндер емес пе?! Осы игі дәстүр бұл күні еш бұлжытылмай ойдағыдай жүзеге асып қызықты да мазмұнды өткен кеште сазгерді сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалып, Ш.Қалдаяқов ауылының кешкі аспанын тербетіп тұрғандай болды. Сөйтіп, маңызы зор мазмұнды іс-шарадан көпшілік мол рухани нәр алып тарасты.