Мәжіліс депутаты жерлестерінің мәселелерін назарға алды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында кәсіпкерлерді туған жерін түлетуге шақырған болатын. Себебі Ауылды дамыту - перзенттік парыз. Әрбір адам - туған жерінің перзенті. Өзін "өсіріп, бағып-қаққан" ауылға құрмет көрсету - азаматтық парыз. Осы орайда Түркістан облысы, Шардара ауданына Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса арнайы келді. Қазыбек Иса - Шардараның төл перзенті. Ол өзінің туған жерінің жай-күйімен танысып, қордаланған мәселелерді шешуге күш салмақ.
Парламенті Мәжілісінің депутаты аудандық орталық кітапхана қызметкерлерімен кездесті. Руханияттың ордасы болып саналатын ортада мазмұнды пікір алмасу болып өтті.
Елмен кездесу барысы мұнан кейін «Армспорт» спорт клубының жұмыстарымен танысуға ұласты. Ашық алаңда найза мен ядро лақтырушылардың, бір залда қол күресі спортшыларының, бір залда зілтемір көтерушілердің, бір залда каратэшілердің, бір залда семсерлесушілердің, енді бір залда шойын жұдырықты боксшылардың жаттығып жатқанына куә болған қонақтар бірауыздан «мынадай жағдайда маңдай терлерін төгіп жатқан спортшылардың болашақта Олимпиада ойындарына жолдама алмауы мүмкін емес» десті.
Түс әлетінен соң негізгі кездесу аудан әкімдігінде жалғасты. Мұнда аудан әкімі өзі басқарып отырған аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қысқаша шолу жасап өтті. Сөз кезегін алған Қ.Жарылқасынұлы жүздесуге келген жерлестерін Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен, осы уақытқа дейін өзі көтерген мәселелермен кеңінен таныстырды.
Мұнан кейінгі кезекті кездесу аудандық мәдениет сарайында, Қызылқұм ауылы мен Қоссейіт ауылында жалғасты. Кездесулер барысында тұрғындар ауылды газдандыру, шаруаларға мемлекеттік қолдауды күшейту туралы өтініштерін жеткізді. Жерлестерінің өтініштерін жазып алған Қазыбек Иса аталған мәселелердің оңтайлы шешілуіне барынша ықпал ететінін атап көрсетті.