Сарыағаштық қариялар жаңарған Түркістанды аралады
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» - деп атап көрсеткен болатын. Расында, қарты бар елдің - қазынасы бар демекші қариясын сыйлап, құрметтеген ел қашан да озық болмақ.
Осыған орай, Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен, білікті ардагерлер гүлденіп келе жатқан Рухани астана Түркістанға сапарлады.
Ардагерлер алғашқы зияратын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бастап Керуен сарай, «Түркістан-Арена», «Ұлы дала елі» орталығын, «Hazret Sultan Airport» халықаралық əуежайын, облыс әкімдігін, «Конгресс холл» залын және басқа да заманауи техникалармен жабдықталып, жаңа технологиялармен әспеттелген, жаңадан бой көтерген нысандарды аралады.
Қойнауына сырлы құпияларын жасырған тарихи өлкені аралаған ардагерлер Түркістанның бүгінгі көрінісіне таңданысын білдіріп, оң бағаларын берді. Рухани астанаға жасалған зияраттары рухани серпіліс бергенін жеткізді. Көркейген шаһарға сапарлап, өзгерістердің куәгерлері болған қариялар таңнан кешке дейін жандарында жүріп, қызмет еткен аудан әкімдігі қызметкерлеріне алғыстарын жаудырып, жылы лебіздерін білдірді.