Келестік ардагерлер мен батыр аналар Түркістанға сапарлады
Қазақ халқы қарияларын қашан да қадір тұтқан. Себебі, болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен ертеңі қазыналы қарттарымыздың қолында. "Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең" деп үнемі құрмет көрсету бүгінгінің басты борышы. Сол борышты абыройлы атқара білу де бір ғанибет.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» - деп атап, қазыналы қарттарға құрмет бүгінгі ұрпаққа міндет екенін ескерткен болатын.
Осы орайда, Келес ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен келестік ардагерлер мен батыр аналар күннен күнге көркейіп келе жатқан Рухани астана Түркістанға сапарлады. Киелі шаһарға экскурсияға шыққан қарияларды аудан әкімі Ақментай Есбаев ақ жол тілеп шығарып салды.
Ардагерлер мен батыр аналар әуелі сапарын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ұстазы Арыстан баб кесенесінен бастап, Отырар қалашығын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін және жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар мен тарихи ескерткіштерді тамашалады.
Жаңарған, дамыған Түркістанға сапарлаған ардагерлер мен батыр-аналар қала көркіне таңданыстарын білдіріп, рухани серпіліс алғандығын жеткізді. Облыстың бұдан әрі көркеюіне тілектес болып, ақ баталарын берді. Сондай-ақ, сапар барысында жандарында жүрген аудан әкімдігінің қызметкерлеріне ерекше алғыстарын білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.