Халықаралық дәрежедегі 29 қылқалам шеберлері Түркістанда бас қосты
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Тарихи құндылықтарымызды барынша зерттеу мен қайта қалпына келтіру, сақтауға, зерттеуге мән беріп, өткен тарихымызды ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өзінің тарихи, мәдени тамырларына қайта оралу – бұл әрине оң процесс», деп атап тарихымызды өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндетіміз екенін жеткізген болатын.
Осы орайда, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммиті аясында Түркістан қаласында халықаралық дәрежедегі 29 қылқалам шеберлері бас қосты. "Түркістаным - Тұраным" атты тақырыпта өткен 5 күндік симпозиумына қатысушылар 120-дан астам шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Аталмыш шараның басты мақсаты түркі халықтарына ортақ мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар, түркітілдес халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты және мәдени байланысты нығайту. Суретшілерді қолдау және бейнелеу өнерін дамыту.
Сондай-ақ, түркітілдес мемлекеттердің белгілі де белді суретшілерінің туындыларын насихаттау және бір-бірімен іс- тәжірибе, пікір алмасу. Қылқалам шеберлерінің өзара тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал етіп, Түркістанды өнер тілімен насихаттау.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен симпозиумның ашылу салтанатына TÜRKSOY халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қырғызстанның атақты суретшісі Юристанбек Шыгаев пен ҚР Көркем Академиясының академигі, вице - президенті Ерлан Айтуаров қатысты. Олар суретшілерге сертификаттар табыстап, дипломдармен марапаттады. Сонымен қатар, оларды көрменің ашылуымен айрықша құттықтады.
Ал, көрмеге келушілер халықаралық дәрежедегі суретшілердің рухани астанамыз саналатын - Түркістанның көрікті жерлерін кенеп бетіне майлы бояумен салған төл өнерлерін тамашалады.