Өткенге құрмет - мәңгілік міндет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың» жеті қыры атты мақаласында: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» - деп атап, қазақ халқының басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдер мен азапты жылдарды мәңгілік жадымызда сақтау тиіс екендігімізді ескертті.
Осы орайда, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қалада орналасқан №20 жалпы орта мектепте "Тарихтан тағылым - өткенге тағзым" атты тақырыпта онлайн-көрме өткізілді. Көрме барысында 30-дан астам жәдігер көрермен назарына ұсынылды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп бекітті. Сонымен қатар, аталмыш жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялаған болатын. Бүкіл халқымызды қасіретті жылдарға тап келдіріп, жапа шектірген зобалаң қазақ елінің тарихында айрықша мағынаға ие. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта 2 миллионнан астам адам опат болды, бір миллионға жуығы босып кетті. Саяси қуғын-сүргінде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қудаланды, 25 мыңы ату жазасына кесілді.