Кітап оқитын жастарды көбейту - басты назарда
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында бәсекелестікке қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мәдение саласының орны зор екенін айтты. "Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың еншісінде. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек" деген болатын Елбасы.
Осыған орай мәдениет саласында жетістікке жету үшін кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру керек. Биыл Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы және Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бірлесе отырып, Президентіміздің тапсырмасына орай ауыл жастарын кітап оқуға тарту мақсатында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Кітапханалық керуен – 30 ауылға» іс-шарасы мен «Ұлы Дала руханияты» облыстық кітап фестивалін өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай және «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен «Кітапханаға мың кітап» акциясын да ұйымдастырғалы отыр. Бұл шаралардың мақсаты мен міндеті айқын. Бір сөзбен айтқанда, мектеп оқушыларының көркем әдебиет оқуға деген құлшынысын арттыру, қызықтыру, қазақ әдебиетінің бай мұрасын кеңінен насихаттау.
Жалпы бүгінде Түркістан облысында 390 кітапхана жұмыс істейді. 190 емес, 390. Көп болмаса, аз емес. Өткен жылы осы кітапханаларда 3858 көпшілік іс-шара ұйымдастырылыпты. Оған 230 382 оқырман қатысқан. Бұл – статистика. Бұдан бөлек, өңір кітапханалары 121 686 дана жаңа кітаптармен толыққан. Өткен жылы облыста «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, 18090 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілді.
«Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының жобасына сәйкес Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкібас, Келес, Жетісай аудандары мен Арыс, Кентау, Түркістан қалаларындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылды», - дейді Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев.