Ақсақалдар облыс орталығын абаттандыруды қолға алмақ
Туған жерді түлетуде - ауыл ақсақалардының да алар орны ерекше. Олар игі істері арқылы артынан ілескен буынға үлгі болып, жақсылыққа шақыра білу керек. Ақсақал - бүкіл ауылды аузына қарата алатын дуалы, абыройлы адам. Сондықтан да ауылда ақсақалдардың орны зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында қарияларды ардақтап, оларды тыңдап, құрметтеу керектігі айтылған. Себебі қария - берекенің бастауы.
Бүгін Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы көпшілікке үлгі болар игі шараны қолға алды. Олар облыс орталығын абаттандыру жөнінде жиын өткізді. Жиынға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және жауапты салалық басқарма басшылары мен аудан, қалалардың Түркістан қаласын абаттандыруға және белгіленген секторларға жауапты мамандары қатысты.
«Қазіргі таңда, жаңару мен жанданудың даңғыл жолына түскен, Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласын жасыл желекке айналдыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе қала аумағына өңірдің климатына қолайлы түрлі ағаштар егіп, жергілікті тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Облыс орталығын секторларға бөліп, оған аудан, қалалар мен салалық басқармаларды жауапты етіп қою – бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті боларына сенімді ұлғайтады. Алайда, Түркістан қаласына егілген әр ағаштың өсіп, өздігінен жайқалып кететін дәрежеге жеткенше оны күтіп, баптау, уақытылы түбір қопсытып, суару – жауапты жандардан бөлек әрбірімізге жүктелген үлкен міндет болып тұр. Түркістан қаласына Қазақстанның әрбір өңірі, тіпті Түркі елдері қамқорлықпен қарап, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан тұста – біздің жұмыла әрекет етіп, қаланы жасыл желекке айналдыруды басты мақсат етіп алғанымыз жөн деп есептеймін. Осыған байланысты барлық жауапты сала мамандарын, ақсақалдарды, жастар қауымын, жалпы қала тұрғындарын егілген әр ағашқа қамқорлықпен қарап, бірігіп әрекет етуге шақырамын! Бұл- өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз әрі әрбіріміздің күнделікті өмір салтымызды жақсартудың таптырмас жолы деп білемін» деген Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Түркістан қаласын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарын Ақсақалдар тарапынан үнемі назарда ұстайтындығын жеткізді.