Үй-күйсіз жүрген 2 отбасы баспаналы болды
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында туған жерді түлетуге баса назар аударды. Бағдарламада туған жерді түлету тек мемлекеттік бағдарлама арқылы бюджеттен емес, жеке кәсіпкерлер есебінен де жүзеге асырылу керектігі айтылды. Әрбір азамат өзінің туып-өскен жерінің дамуына атсалысса, елімізде барлық ауыл-аймақ гүлденіп кетер еді. "Көп түкірсе - көл" демекші, әрбір кәсіпкер ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, көркеюіне титтей де болса үлес қосса, республика бойынша ауқымды жобаға айналары сөзсіз.
Бүгінде Мәжіліс депутаты болған жерлесіміз Сырым Ертаев есімді кәсіпкерді барша Түркістан облысы таниды десек қателеспеген болар едік. Сырым Ертаев өзінің жомарттығымен ел ішінде өте танымал. Ол 2018-2019 жылдың Республикалық "Жомарт жүрек" сыйлығының "Жыл тұлғасы" номинациясы бойынша жеңімпазы атанды.
Қазығұрт ауданы Жаңабазар елдімекеніндегі аз қамтамасыз етілген 2 отбасына өз қаржысы есебінен үй салып берді. Кәсіпкердің мәрттігінің арқасында қаншама жыл үй-күйсіз қиналып жүрген отбасы бір сәтте баспаналы болып бақытқа бөленді.
Елімізде осындай кең жүректі кәсіпкерлер көп болса, тұрмысы төмен отбасылар да болмас еді. Сырым Ертаев қайырымды ісі арқылы өзгелерді де қайырымдылыққа шақыра білді.