2 тонна Наурыз көже пісірілді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір сөзінде салт-дәстүрді сақтау, оны келер ұрпаққа дәріптеу - ұлттық кодты сақтаудағы негізгі міндеттердің бірі екенін айтып жүреді. Елбасы "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп атап өткен еді.
Ұлттық кодты сақтап, дәріптеуде Түркістан облысында атқарылып жатқан шаруа көп. Наурыз - Оңтүстіктен басталады демекші, түркі жұртына ортақ Наурыз мерекесін насихаттау - ұлт болмысын нығайтудаға негізгі бағыттардың бірі.
Елімізде індетке байланысты Наурыз мерекесіне арналған біршама іс-шараларды тоқтатқан болатын. Десе де Түркістан қаласына қарасты этноауылға Отырардан арнайы керуен келді. Қазақ халқының өткенін көз алдыңа әкелетін этноауылда Наурыз мерекесі ерекше ұйымдастырылған. Кіреберісте қазақтың ұлттық қолөнерін паш ететін көрмеден бастап, аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер, садақ тартқан жауынгерлер, құмай тазы мен қыран бүркіт, қатарынан тізілген киіз үйлер көз тартады. Түркістан облысына қарасты аудандардан келген өнерпаздардың жүректі тербететін әндері мен мың бұралған билері, домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында сахналанған қойылымдар келген қонақтардың көңілін көтерді. Үздік өнер көрсеткен өнерпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.
Бұл мерекенің басты жаңалығы - «Наурыз көже». Бұған дейін еш жерде болмаған 2 тонна Наурыз көже пісіріліп, Қазақстанның рекордына енді.
- «Қазақстанда алғашқы рет 2 тонна Наурыз көже пісіріліп, елге таратылып жатыр. Бұл бұрын соңды Қазақстанда болмаған рекорд деп есептейміз. Әрі дәл осы сәт Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. Рекордтар кітабы 2 жылда бір рет шығады. 2017 жылы Алматы қаласында 350 келі Наурыз көже дайындалған болатын.