Полицейлер бассейнге барған әйелдің ұялы телефонын ұрлаған жас қызды ұстады
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, қаладағы бассейндердің біріне қыдыруға барған сәтінде «Samsung A50» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 160 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден шықты. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, бейнебақылау камераларын тексеріп шықты.
Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті Түркістан қаласының тұрғыны жас қыз болып шықты. Ол шомылу орнына демалу үшін барған. Содан үстел үстінде тұрған телефонға көзі түсіп, ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, телефонды жымқырған. Полицейлер күдікті жас қыздан айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін сақтауда қырағы болуға, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға кеңес береді. Сондай-ақ мүмкіндігінше тұрғын үйлерге, ғимараттарға, демалыс орындарына арнайы бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуға кеңес береді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі