Өндірісті қолдау – өңір экономикасын дамытудың негізгі тетігі
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының өкілдері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Кездесуге облыстық сайлауалды штаб мүшелері, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар мен аудандық штаб өкілдері қатысты. Басқосуда өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Партия өкілдері ұжымға «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, елдегі саяси жаңғыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларға тоқталды. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жұмыспен қамтуды арттыру және еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру мәселелеріне басымдық берілді.
Жиында өндіріс орындарының өңір экономикасындағы рөліне де ерекше назар аударылды. Штаб мүшелерінің айтуынша, отандық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі, өндіріс көлемінің ұлғаюы және жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жергілікті экономиканың дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері де пікірлерін ортаға салып, ұсынылған бастамаларға қатысты ойларын білдірді. Ашық форматта өткен әңгімелесу кезінде еңбек ұжымының сауалдары талқыланып, партия бағдарламасындағы басым бағыттар жөнінде пікір алмасты. Жиын соңында қатысушылар өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға және еңбек адамдарының мүддесін қорғауға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.


