Қазақстанда шипажай-курорттық саланы дамытуға арналған жеке заң қабылдау мәселесі қарастырылуда

Oinet.kz 25-11-2026

Қазақстанда шипажай-курорттық қызметті реттейтін жеке заң әзірлеу және саланың дамуына кедергі келтіретін заңнамалық мәселелерді қайта қарау ұсынылды. 

Screenshot_2.png

Бұл мәселе «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен өткен жиында талқыланды. Кездесуге Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Елімізде мыңнан астам минералды бұлақ бар. Оның 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми зерттеулермен расталған. Алайда табиғи ресурстардың мұндай әлеуетін толық пайдалану, шипажай қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және отандық курорттардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін бірқатар жүйелі өзгеріс қажет.

Жиынды ашқан «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев шипажайлардың маңызы тек туризммен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала халық денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға, сондай-ақ өңірлердің экономикалық дамуына ықпал етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шипажай-курорттық бағытта жұмыс істейтін 333 ұйым тіркелген. Олардың 86 пайызы жекеменшік нысандар. Партия өкілінің пікірінше, саланың әлеуетін арттыру үшін медициналық жабдықтар мен инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың ем алу мүмкіндігін кеңейту және жеке инвестиция тарту маңызды. Сонымен бірге табиғи емдік ресурстарды ұқыпты пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау да назардан тыс қалмауға тиіс.

Жеке заң әзірлеу мәселесі талқылаудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың мәліметінше, бұл бағыттағы жұмысты төрт бейінді комитеттің депутаттары бастап кеткен. Алдағы уақытта министрліктермен, әкімдіктермен және сарапшылармен бірлесіп, саланы реттейтін заңнамалық нормалар зерделенеді.

Сонымен қатар шипажай қызметін реттейтін жеке заңмен бірге табиғи аумақтарға, жер қойнауына және емдік суларға қатысты заңнамаларға да өзгерістер енгізу қажеттігі қарастырылуы мүмкін.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеудің құқықтық тұрғыдан аражігін нақтылауды ұсынды. Өйткені медициналық оңалту негізінен ауыр сырқаттан, жарақаттан немесе операциядан кейін денсаулықты қалпына келтіруге бағытталса, шипажайлық емдеу аурудың алдын алу мен ағзаны сауықтыру міндеттерін де қамтиды.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шипажайлық-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеу және еліміздің табиғи емдік ресурстары туралы бірыңғай ақпараттық база қалыптастыру бастамасын көтерді. Мұндай дерекқорда минералды сулар мен басқа да табиғи ресурстардың құрамы, емдік қасиеттері және медициналық көрсетілімдері жинақталуы мүмкін.

Screenshot_2.png

Жиында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың шипажай қызметтеріне қол жеткізу мәселесі де қозғалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 151 мыңнан астам жолдама беріліп, 103 мыңнан астам адам шипажайлық ем қабылдаған. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған.

Вице-министр Айнұр Әбдірахманова азаматтардың Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өздері таңдай алатынын айтты. Қазіргі таңда порталда 146 қызмет көрсетуші тіркелген. Бұл жүйе қызмет алушыларға қолайлы нұсқаны өз қажеттілігіне қарай таңдауға мүмкіндік береді.

Шипажай инфрақұрылымын дамыту ішкі туризмнің де өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстандағы шипажайларда 413 мыңнан астам адам демалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов саланың дамуы үшін жұмыс істеп тұрған шипажайлар туралы мәліметтерді жаңарту, инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру және туристерді жыл бойы қабылдай алатын сауықтыру бағыттарын дамыту қажеттігін атап өтті.

Мамандандырылған шипажайлар желісін қалыптастыру да перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина мұндай мекемелерде емдеу бағдарламаларын нақты ауру түрлеріне және белгілі бір өңірдің табиғи ресурстарына сәйкес әзірлеуге болатынын жеткізді.

Саланы өркендету үшін білікті кадрлар даярлау мәселесі де маңызды. Бүгінде еліміздегі 281 колледж туризм және қонақжайлылық бағыттары бойынша мамандар оқытады. Оқу-ағарту министрлігі шипажайлардың кадр қажеттілігі туралы өтінімдерін қарастырып, сұранысқа сай мамандар даярлауға, соның ішінде түлектерді кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ескеруге дайын екенін білдірді.

Бұдан бөлек, кездесуде «e-Шипажай» отандық цифрлық платформасы таныстырылды. Жүйе пациенттерді есепке алуға, шипажайлық емдеу барысын бақылауға және оны қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Жоба бюджет қаражатын пайдаланбай, «Бурабай» шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткізілген.

Жиын соңында Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев шипажай-курорттық саланы дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның аясында денсаулық сақтау, туризм, инвестициялық саясат және табиғи емдік ресурстарды қорғау бағыттарын өзара үйлестіру көзделеді.

Айта кетейік, «Әділет» партиясы шипажай-курорттық саланы дамыту мәселесін бұған дейін де көтерген. Сайлауалды науқан кезінде Ақмола облысының Бурабай ауданында туризм және сауықтыру саласының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, жергілікті бизнесті қолдау, агротуризмді, отбасылық қонақүйлер мен қолөнер шеберханаларын дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Енді партияның жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, жиында айтылған ұсыныстарды жүйелеп, бейінді министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен одан әрі пысықтамақ. Бұл жұмыстар шипажай-курорттық саланы құқықтық реттеуді жетілдіруге және оның даму бағыттарын айқындауға негіз болмақ.

Жаңа иқан ауылында кездесу ұйымдастырылды
Өндірісті қолдау – өңір экономикасын дамытудың негізгі тетігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу