Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мәселесі қаралды

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамның әділдікке деген сенімін әлсірететін қауіпті құбылыс. Сондықтан оның алдын алу жазалау шараларымен ғана шектелмей, тәуекелді ерте анықтап, заң бұзушылыққа жол бермеуден басталады. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Шымкент қаласында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы, мүдделер қақтығысының алдын алу, ішкі істер органдарындағы тәуекелдерді төмендету және мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Полиция департаменті және Мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілдері баяндама жасады.
Отырыста маңызды өзгерістердің бірі ретінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заңнамалық талаптарға назар аударылды. Жаңа нормаларға сәйкес жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың, жекжаттардың және өзге де өзара байланысты адамдардың тікелей бағыныстылығына жол берілмейді.
Бұл талаптың мәні – мемлекеттік қызметте жеке байланыстардың шешім қабылдау процесіне ықпал етуіне тосқауыл қою. Яғни қызметтік шешім ашықтық қағидаттарына сүйенуі тиіс.
Қала әкімі жауапты басшыларға мүдделер қақтығысын алдын ала анықтауды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізуді және әрбір анықталған жағдай бойынша объективті шешім қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар тәуекелді жою шараларын қабылдамаған басшылардың жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, заң бұзушылықтарға жедел ден қою және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер белгіленді. «Заң мен тәртіп» – тек құқық бұзушылықтан кейін әрекет ету емес, оны болдырмаудың мәдениетін қалыптастыру. Ал адалдық, ашықтық және жауапкершілік орныққан ортада сыбайлас жемқорлыққа орын азаяды.


