Заң мен тәртіп – табиғатты қорғаудың басты кепілі

Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық талаптарды сақтау және заң бұзушылықтарға жол бермеу – қоғамдағы «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарының бірі.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 2026 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік экологиялық бақылау жұмыстарын күшейтті. Жыл басынан бері 29 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалды. Заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға жалпы 91,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 72 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында 29 нұсқама берілді.
Экологиялық талаптарды өрескел бұзған кәсіпорындарға да қатаң шаралар қолданылды. Атап айтқанда, атмосфераға рұқсатсыз және белгіленген нормадан жоғары шығарындылар шығарған «Rock Minerals» ЖШС-не 17,6 млн теңге, «Polymettech» ЖШС-не 63,9 млн теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен бірқатар кәсіпорындардың қызметі уақытша тоқтатылды.
Қала ауасының сапасы да тұрақты бақылауда. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, биыл Шымкенттегі ауа сапасының ластану деңгейі көтеріңкі бағаланған. Негізгі ластаушы көздер қатарында өндірістік нысандар, автокөліктер және жылыту маусымындағы жеке үйлердің шығарындылары бар.
Ауа сапасын бақылау жеті бекет арқылы жүргізілуде. Сонымен бірге ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелері енгізіліп, зиянды шығарындылар онлайн режимде бақылануда. Полиция департаментімен бірлескен рейдтер барысында 49 автокөлік тексеріліп, оның 10-ынан белгіленген нормадан жоғары шығарындылар анықталды.
Зертханалық бақылау барысында 43 нысан зерттеліп, 634 сынама алынып, 4 мыңнан астам талдау жүргізілді. Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің қала аумағынан өткеннен кейінгі бөліктерінде ластаушы заттардың көбейетіні анықталды.
Экологиялық қауіпсіздік – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азамат пен кәсіпкердің ортақ міндеті. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау, заң талаптарын сақтау және қоршаған ортаға зиян келтірмеу – қаланың тұрақты дамуының негізі. Сондықтан экологиялық тәртіпті сақтау – «Заң мен тәртіп» ұстанымын нақты іспен көрсетудің жарқын үлгісі.


