Төлебилік жиһаз цехы айына 200 орындық жасайды
Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін салалардың бірі.Түркістан облысы Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округіндегі «Меруерт» жиһаз цехы бүгінде үстел, орындық, жұмсақ жиһаз, жатын бөлмесінің жабдықтарын дайындауда. Қазіргі таңда дайын өнімді еліміздің барлық өңірлеріне жеткізуде. Сондай-ақ, Шымкент қаласында орналасқан дүкен арқылы сатылымға шығарады. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту - өмір сапасын арттыруда маңызға ие экономикалық қадам. Мекеме 25 адамды жұмыспен қамтып, еңбек нарығына үлес қосуда. Әрі саудада бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы жергілікті өнімді шығаруда.
«Қажетті шикізат Ресей елiнен және Алматы қаласынан тасымалданады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін көбейтiп, жұмыс орны санын арттыру жоспарда бар», - дейді "Меруерт" ЖК бас есепшісі Ләззат Мырзалиева.
Өндіріс орны 2018 жылдың тамыз айында іске қосылған. Негізгі өндіретін өнімдері ақ қайың мен қара ағаштан үстел және орындықтар секілді жиһаз түрлері. Цех ай сайын 200 орындықты тұтынушыға ұсынады. Кәсіпорында 25 адам жұмыс істесе, олардың орташа жалақы көлемі 70-100 мың теңге аралығында. Жеке бизнес ашу – бұл тек қана табыс көзі ғана емес, ол адамды материялдық тұрғыдан тәуелсіз етеді.Қазіргі уақытта жиһаз саудасы бойынша нарықтың 70-80 пайызы отандық өнімдерге тиесілі екен. Осылайша, өзіміздің өндіріс шетелдік тауарлардан артық болмаса да, кем емес екенін дәлелдейді.Дәл қазіргі кезде Қазақстанда ресми түрде жиһаз жасайтын 1215 кәсіпорын тіркелген. Олардың 324-сі өте белсенді жұмыс істейді.