Бизнесмендерден жалдау ақысы алынбайды
Бизнесмендер онлайн меммүлік порталы арқылы жалдау ақысын алуды тоқтата тұру туралы өтініштерін бере алады. Ешқайда барудың қажеті жоқ.
Республикалық және коммуналдық меншік алаңдарын пайдаланғаны үшін жалдау ақысы 90 күн ішінде алынбайды. Бұл үшін бизнес қосымша келісім жасауы мен оған ЭЦҚ көмегімен www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында қол қоюы жеткілікті.
23 наурыз күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ төтенше жағдай бойынша мемкомиссияның отырысы кезінде, 20 наурыздан бастап шағын және орта бизнесті жалдау ақысынан босатуды тапсырды. Тапсырма үкіметке, жергілікті жерлерде атқарушы органдарға, яғни әкімдіктер мен квазимемлекеттік компанияларға жіберілді. Бұл Қазақстанда жарияланған ТЖ жағдай кезінде бизнесті қолдау шараларының бірі деп атауға болады.
Бүгінгі күні елімізде мемтізілім порталының әзірлеушісі және ұстаушысы болып табылатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ (АЕО) деректері бойынша барлығы қолданыста 8 154 жалға беру шарттарры, олар бойынша ай сайынғы жалпы ақысы 432 млн. теңгеге жуық құрайды. Яғни, бизнес үш айда шамамен 1,3 млрд. теңгені төлеуден босатылады.
АЕО-ы өтінішті қалыптастырған соң, оған ЭЦҚ көмегімен қол қоюы үш күндік мерзімнен аспауы екендігін ескертеді, әйтпесе қосымша келісім жойылады және жалға алушының өтінішті қайтадан беруі талап етіледі. Жалдау ақысын тоқтату туралы электрондық өтініштерді қабылдау ағымдағы аптаның соңына дейін басталады.