Жеңіс АЙТЖАНОВ, сиқыршы-иллюзионист: Ғажайыпқа сендіру– ең керемет жетістік
Бір күн. Бір сәт. Сүріп жүрген өмірімізді мүлде бөлек арнаға бұрады деп сенеміз. Күтеміз. Мүмкін бұл процесс бүкіл ғұмырымызға жалғасады. Ешнәрсе өзгермейді. Сөйтсек, сол иллюзия – әрекетсіз күтуіміз екен. Бізді алдаған да, сендірген де сол – күту иллюзиясы. Адамға ғажайып қаншалықты қажет болса, ғажайыпқа да адам соншалық қажет. Яғни ниет пен әрекетіміз арқылы ғажайыпты жасаймыз. Дэвид Копперфильтің сиқырын қарап өскен Жеңіс те ғажайыпқа сенді. Армандады. Мақсат етті. Жетістікке жетті. Есімін Гиннестің рекордтар кітабына жазды. Өзіне дейін болмаған, өзінен кейін болмайтын қабілетін тапты. Жеңіспен сандардің мәні, әрекеттің түбі, сиқыр сыры туралы диалог құрдық.
–Алты жасыңыздан бастап сиқыр өнеріне қызығып, алғаш 6 жасар баланың туған күнінде өнеріңізді елге көрсеткеніңіз – қызықты факт. Сандарға мән бересіз бе? Гиннестің рекордтар кітабына ену туралы ой қалай келді?
–Біздің дүниеде сандар жүйесі қажеттіліктен қолданысқа енген. 0-ден бастап 9-ға дейінгі 10 сан өмірмен байланысқан. Сандар туралы ілімге ден қойған Пифагор «әр сан өзіндік ерекшелікке ие» деп текке қорытынды шығармаса керек. Тепе-теңдік, гармония ұғымдарын қарайықшы. Өмірдің өзі – адамның түрлі хәлдегі гармониясынан тұрады. Өнер де – гармония. Леонардо да Винчи енгізген «алтын қима» ұғымының өзі құпияға толы ғой. Үй құрылысында, тұрмыстық заттарда, адамның бет-бейнесінде, өсімдіктерде санның гармониялық бөлінісі бар. Маман арнайы есептемесе де барлығы санның гормониялық бөлінісі яғни «алтын қимаға» қатысты дүние болып шыға келеді. Кейде сандар туралы қызықты фактілер туралы ойланамын. Бірақ нумерологияға сенбеймін. Өзім негізі қаржыгермін. Сондықтан болар сандармен анализ жасауға көңіл бөлемін. Туған жыл, уақыт, адамның осы өмірдегі мүмкіндік өлшемі де осы санға келіп тіреледі.
Гиннес рекордтар кітабына кіруді 10 жыл бұрын саусақтарымда тиын айналдыра бастағанда ойладым. Бастапқыда қиын болды. Өзгелердің қалай жасайтынын жіті бақылайтынмын. Шамамен 2014 жылы зерттеп, қалай ол кітапқа жаңалық енгізетінім туралы ойша талдау жасадым. Бірінші жіберген ақпаратымды жауапты мамандар қабылдамады. Себебі оларда нақты критерийлар бар. Әрбір өтініш беруші соған сай болуы тиіс, мен ол кезде кей пунктке сай болмадым. Рекорд жасау ережелерін қарап, таныстым. Екінші рет алты ай үзілістен соң өтініш бердім. Қол саусақтарыммен бір тиынды тоқтаусыз 55 секунд ішінде 55 рет айналдырып 2015 жылы рекорд орнаттым. Бірақ бір орында қалғым келмеді «тағы не жасауға болады?» деген сауалдың төңірегінде ойландым. Ұйыммен хабарласып, мәлімет алдым. Төрт тиынды қол саусақтарының арасында 14 рет 60 секунд ішінде шыр айналдырып екінші рекордымды жасадым. Бизнес, гастролдер, отбасыма бөлтін уақытым – үшінші рекордты жасау үшін дайындалуға мұрша бермеді. Бірақ пандемия кезінде жұмыстың жоқтығы қиындық туындатты. Алайда ол сынақта ширыға түстім. Рекорд есіме түсіп, үйде дайындалдым. Қаңтардың жиырмасында үшінші рет рекорд орнаттым. Түркістандағы Керуен Сарайда Алдар көсе боп фокус көрсетіп, Төле би, ақсақал секілді образдарды сомдап жүрдім. Сонда жүргенімде Қажымұқан Мұңайтпасов бабамыздың құрметіне палуандар бәсекесі ұйымдастырылды. Сергей деген палуанмен таныстым. Шегені, темірді жүрек формасында майыстырады. Илья Ильинді де сонда да көрдім. Палуандарға «Жігіттер, сендер күш иесісіңдер. Мен – ептімін. Сендер куәгер болыңдар» деп арнайы видео түсірдім. Илья Ильиннің күшін алып қою секілді қызықты номер көрсеттім. Төртінші және бесінші рекордтқа материал дайындап қойдым. Енді ереже бойынша 2022 жылы бұл рекорд тіркеледі.
–Зигмунд фрейд «Бұқара ешқашан шындыққа құмарлық танытпаған. Адамдардың барлығы өмірден бір ғажайыпты күтеді»,-деген екен. Сіздің иллюзия саласында жасаған ең керемет жетістігіңіз қандай?
–Көрерменді ғажайыпқа сендіру– ең керемет жетістік. Мұндай сәттердің көп болғанын қалаймын. Өмірдің түрлі түйіткілі шаршатқан 40 яки 50 жастағы ересек адамдардың жанарынан балаша кіршіксіз таңдануды көрген шабыттандырады. Адамның жанарына сенімнің отын жағуды жетістік деп санаймын. Әрине Лас-Вегаста өнер көрсеткім келеді. Қазақстандағы иллюзия өнерін дамытқым келеді. Тарихта атымды қалдырғым келеді.
–Сыйқырға қатысты фильмдер өте көп. Барлығы да адамның миын төңкеріп тастайды. Сізге арнап фильм түсірсе, желісі қалай өрбігенін қалайсыз?
–Иә, сиқыр туралы деректі немесе шытырманға толы фильмдер көп. Бірақ киномотаграфия форматында Двид Блейндікі секілді шоу жасағым келеді. Discovery, National Geographic- та сондай бағыт бар. Кино секілді шоу бағдарламада көше магиясын, өмірде көрсетілетін фокусты, сыйқырды прайм-тайм уақытында «Қазақстан» телеканалынан шығарғым келеді. Қазақ тілінде барлық отбасы мүшелері бірге көретін жоба жасасам деймін. Кино секілді барлығы менің шоуымды күтсе екен деп мақсат қойдым. Ары кетсе 100 мың АҚШ долларындай бюджет қажет болар. Локация таңдалып, кәсіби шығармашылық топ болса, керемет дүние жасауға болады. Netflix –та да осындай жоба бар. Жалпы барлығын қарап, сараптап жүремін. Үлкен жоба жасау ниетім бар.
–Сиқырда қолданатын реквизиттеріңізді сатып аласыз ба, әлде қолдан жасайсыз ба?
–Сиқырда қолданатын реквизиттердің қолдан жасалатыны мен сатып алынатын түрлері болады. Кәсіби маман ретінде жұмыс істегенде қолдан жасауға уақыт тапшы. Қазір индустрия дамыған, дүкендерде дайын заттар бар. Мысалы фокустағы қалдық материалдар (өртенетін) қағаз, мақта, ақша секілді заттарды қолдан жасамаймыз. Оған үлген лабаратория керек. Кей заттарымды сатып аламын, кей заттарымды Алматыда жасатқам.
Қазір сиқырға да жаңа технологиялар әсер еткен. Программистер, дизайнерлер мен бірігіп реквизит жасаймыз. Жазушы Артур Кларк «кез келген жаңа технология – нағыз ғажапқа ұқсайды» деп айтқан екен. Басқа саладағы шеберлермен бірігіп фокусымызды детальіне дйін мән беріп ойластырамыз. Қазір Алдар Көсенің жаңа кейіпі арқылы фокус жасағым келеді. Түркістан қаласындағы музыканттар сиқырға арнайы қобыз жасатуды ұсынды. Байқағаныңыздай мен өзім жасамаймын. Бар құпиясын біліп, жасай алатын адамдар арқылы идеямды жүзеге асыруға әрекет етемін. Жаңа фокусыма реквизит ретінд қобыз бен дастархан жасайтын адамды тауып, соларға құпиямды бөлісіп жасатамын.
–Фокусыңыздың құпиясын шәкірттеріңізбен бөліскенде қанда сезімде боласыз? Оны бір адамнан екінші адам үйрене ме? Әлде әр сиқыршы өз тәсілін ойлап таба ма?
–Кәсіби білігі жоғары мамамнның тәжірибесімен бөлісуі – салада сілкініс жасайды. Шығармашылық иелері қалай бар солай үйретпейді. Тек шәкірт өз әдісін жасап шығаруға жетелейтін қадамға баралы. Педагогикалық өзіндік тәсілдер бар. Бастаушы адамға оңай әдістерді үйретуге болады. Басқа заттарға өз ойымен жеткенін армандаймын. Ешқашан 4 қабырғада, бір кеңістікте, әрі бір деңгейде ойланбай керек. Адам жан-жақты ойлай білгенде нәтижеге қол жеткізеді. Сиқырдың құпиясы, тәсілі әртүрлі. Фокус көрерменге ұқсас көрінгенімен, тәсілі сан қилы. Әріптестерімді, шәкірттерді қасыма шақырып үйретемін. Білмегенді сұрау, білгенді бөлісу керек. Бұрын менімен ешкім бөліспеген. Ұстазым – идеялар гинераторы жаңа нәрселер жасауға құмар, инаватор адам болды. Бір тақырыпта кеңес сұраған адамға жетудің 4 жолын айтатын. «Мүмкін былай, мүмкін осылай жасарсың» деп барлық нәрсеге жан-жақты қарайтын. Фокус жасағанда суретші, айтыскер ақын секілді сезінем өзімде. Себебі импровизация жасап, қолымдағы бар нәрсемен фокус ойлап таба салатын сәттер болады.
–Фокус жасау барысында орын алған қызықты оқиғаңызбен бөлісіңізші!
–Осыдан 4 жыл бұрын бір мерекелік кешке кешігіп бара жаттым. Асығыс болып, аңғармай жол ережесін бұзып қойдым. Мені жол патрульдік полициясы тоқтатты. Не үшін асыққандығымды сұрады. Мен ешкімге зиян тигізбегендіктен жағдайды түсіндіруге көштім. Ол менің иллюзионист екенімді біліп, «қане, не көрсете аласың» деді. Мен тиындар мен сақинамен тезірек фокус көрсеттім. Ол кісі риза болып, визиткамды алып қалды. Маған «өзің адам көңілін аударып фокус жасайсың. Жол ережесіне де назар аударып, мұқият бол» деп ескерту жасап, жіберді. Сосын полиция қызметкерінің хабарласқанын күтіп жүрдім.Арадан 2-3 жыл өтіп кетті. Бір күні бала-шағаммен Медеуге барсам, ығы-жығы адам көп. Орын жоқ. ГАИ-лар тұр екен. Көлігімді жол жиегіне тоқтатуымды сұрады. Ойымда еш нәрсе жоқ, нені дұрыс жасамадым деп уайымдаумен болдым. Бір кісі «мені танымадың ба?» дейді. Сөйтсем, есте сақтау қабілеті мықты екен. Менің визиткамды жоғалтып алыпты. Номерімді екінші рет те жазып алды . Осы оқиға өзім үшін ерекше қызық.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН