Гүлмәрия Барманбекова, тележурналист: Желтоқсан оқиғасы – Ұлт азаттық көтеріліс

Oinet.kz 25-11-2021 3840

Screenshot_3.jpg

– Қазақ қызынан  шыққан тұңғыш спорт коментаторы. Сізді ел осылай таниды. Ал сіз өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?

–Қазіргі кезде қызметке қабылданатын спорт комментаторларына қандай талаптар қойылатынын білмедім, мен телевидениеде еңбек еткен кезеңде спорттан хабары барлар ғана бұған қол жеткізе алатын. Осы арада менің есіміме байланысты тағы бір «тұңғыштың» төбесі қылтияды. Нысана көздеу спортынан қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы СССР спорт шеберлігіне кандидат деген. 

Ақыры айтқан екенбіз, тағы бір «тұңғыш» жайлы сөз қозғай кетейік. Қазақ телевизиясында тұтынушы тақырыбын ең алғаш көтерген тележурналист ретінде де телекөрермендерге көзайым болғанымыз бар. 

Ал, өзіме салса, кіммен болса да жай ғана қарапайым тележурналиспін деп танысар едім. 

–Тәуелсіздікке дейін және кейінгі жылдарда телевизияда еңбек еттіңіз. Тіл – ұлттың жаны. Тәуелсіздік қазақ тілді хабарларға бостандық бере алды ма? Қазір қандай бағдарламалар қарайсыз?

– Сұрағыңызға қарағанда тәуелсіздікке дейін қазақ тілінде бостандық болмаған сияқты. Мұны қайдан шығардыңыз? Ешкім, еш уақытта қазақтың тілін байлаған емес. Байласа, оны қазақтың өзі ғана байлай алады. Бұрын да солай болған, қазір де солай. 

Рас, Кеңес Одағы кезіндегі жалғыз телеарнада орыс тілді бағдарламаларға басымдық берілетін. Бұл енді қазақ журналистерінің дарынсыздығынан емес. Сол кезде Роза Темірғалиева, Гүлжан Ерғалиева, Әлібек Ищанов, ЖаннаАхметова, Диас Омаров, Дүкеш Бейімбетов сынды орыс тілді қазақ журналистері қызмет етті. Осылардың кез-келгені орыс ұлтының журналистерін он орап алатын. Мәселе сонда, телевидениедегі қазақ-орыс хабарларының үлес салмағын Қазақстан Компартиясының орталық комитеті бекітіп беретін. Ал ол жаққа одан да жоғарыдан нұсқау түсетіні белгілі жайт еді. 

Кейіннен Камал Смайылов телерадиокомитет басшылығына келгесін қазақ хабарларының үлесі 60 пайызға дейін жетті. Ал Шерхан Мұртаза басшылыққа келген жылдары одан да көбейді және қазақ хабарларына деген көзқарас әлдеқайда жақсарды. Қазақ хабарлары праймтайм уақытқа қойылатын болды.

Қазір қандай бағдарламалар қарайсыз деген сұрағыңызға келсек, әлемдегі соңғы жаңалықтардан хабарсыз қалсам, өзімді аралда жалғыз қалған Робинзон Крузодай сезінем. Сондықтан Би би си (орыс тіліндегі), НТВ, «Қазақстан» арнасының және Азаттық радиосының жаңалықтарын үзбей қарауға тырысам. Бұл маған сол арналар саясатының бағыт-бағдары мен демократиялық үрдістердің көрінісін, ақпараттардың маңыздылығын салыстыра ой түюге мүмкіндік береді. Жаңалықтар – ел дамуының айнасы. Басқа арналарға үзіп-жарып бас сұғатыным болмаса, шұқшия қарап отыруға уақыт бола бермейді.

Бұл орайда құстарға қызығам. Қанатын еркін сілтейді. Биіктен  бәрін көреді. Өз көзімен.

– Желтоқсан көтерілісінде жастарды түрлі күш көрсетуші заттармен қаруланған деп хабар тарату тапсырмасы берілгендігі жөнінде айтыпсыз. Тарих парағында айтылмай қалған тағы қандай тапсырмалар берілді? Сағат Әшімбаев секілді қиналған сәтіңіз болды ма?

–Желтоқсанда Ұлт азаттық көтерілісі деп бағалайтын уақыт әлдеқашан жеткен. Осыған қарамастан, Желтоқсан «оқиға» ретінде бағаланып келеді. Саяси еріктерін білдіру үшін бейбіт шеруге шыққан жастар, тоталитаризмнің аяусыз соққысына тап болды, жазықсыз жазаланды. 

Жоғарыдан түсетін тапсырмалар қатардағы журналистерге емес, басшыларға беріледі. Сол күні кешкі жаңалықтарға мен кезекші едім. Орталық пультке көтерілген кезде Сағат аға монитордағы темір таяқ, күрек, қайла, сойыл сияқты соққы құралдарының суреттеріне қарап: «Мені атса да, асса да мұны көрсете алмаймын» деп жүрегін ұстап, қатты қиналып отырды. Бірақ қалай болғанын білмедім, кешкісін сол суреттер жаңалықтардан көрсетілді. 

Ол күндері қиналмаған адам қалмаған шығар. 

Қалай шығып кеткендерін білмеймін, бір топ тележурналист алаңға кетіп қалыпты. Бір уақытта Ұлдай Ибадуллаева көзі-басын қан жуып, телевидение есігінен кірді. Әскер бастан тепкен екен. Әріптесіміз соның кесірінен ауру болып қалды.

Алаң жақтағы терезеден көргендерімізді құдай ешкімге көрсетпей-ақ қойсын. Үсті-басын қан жуған өрімдей қыз-жігіттер телевидениеге қарай қашып тығылмақ болады. Оны орыс журналистері қолдарындағы таяқпен ұрып кері қуады. Жүгіріп барып жағасына жармаса кеткің келеді. Олай етуге тағы болмайды. Үлкендеріміз басу айтып жібермейді. Не керек, телевидение қызметкерлері орыс-қазақ болып іштей екіге жарылып, бірімізді-біріміз атарға оғымыз болмай сіресіп қалдық. Екі жақ та ашық әрекетке бара алмаймыз, үш әріп агенттері арамызда жүр. 

Сол күндері өзімнің қазақ ұлтының өкілі екенімді алғаш рет сезіндім. Оған дейін қазақ-орыс деп ұлтқа бөлушілік қаперіме кірген емес.

– Сіз үшін мүмкіндік деген не? Тағдыр жолыңызда кездескен ең ғажап мүмкіндігіңіз туралы айтып бере аласыз ба?

– Журналист қай саланың кейіпкері туралы жазса, белгілі бір уақыт аралығында сол сала маманы болып өмір сүреді. Дәрігер, әртіс, мұғалім, экономист, әлеуметтанушы, философ, тіпті әнші, биші де болып өмір сүре алады. Бұл тек журналистке ғана берілген мүмкіндік.

Журналист өмірдің әр саласы жайлы жоғары мінберден мәселе көтере  алады. Басқа ешбір мамандық иесі мұндай мүмкіндікке ие емес. Мысалы оқу министрі экономика жайлы бірдеңе десе, мынаның экономикада несі бар дейді. Жұрт оны қабылдамайды. Ал журналист айтса, сіңімді. Өйткені оған әр сала туралы ой айту құқығы  берілген. 

Журналист қоғамда негатив пен позитив туралы түсінік қалыптастыра алады. Әлеуметтік оптимизмді орнықтыра алады. Бір ауыз сөзі арқылы әлемді өзгертпесе де соған жақындата алады. 

Журналист мамандығы – тағдырдың маған берген ең ғажайып мүмкіндігі. Сол мүмкіндікті пайдаға асырып, бақытқа қол жеткіздім. 

– Бап пен бақ таразыда тең бе? Жетістікке жету жолыңызда қалай еңбектендіңіз?

– Бап пен бақты таразылап көрмеппін. Менімше бұл екеуін таразылау адамның емес, Тәңірдің ғана құзырындағы шаруа болса керек.

  Адам баласы өмірге не үшін келіп, не үшін кетеді деген сұрақтың төңерегінде ес білгелі ойланып келем. Туып және өлу үшін ғана ма? Мұның еш мәні жоқ қой. Осы екі аралықта бір миссияны атқаруы керек шығар. Сонда ол қандай миссия? Менімше, үздіксіз даму, кемелдікке ұмтылу миссиясы болар деп топшылаймын. Ал бұған үлкен еңбек пен зор ізденістің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Жаратушы адамды жаратқанда шыр етіп жерге түскеннен көзі жұмылғанша тынбай еңбектенуді маңдайына мөр етіп басқан ба деймін. 

Мен осы миссиямды шама-шарқымның келгенінше кіршіксіз атқаруға тырыстым. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, ұйқтағанда да еңбектенем – талай сценарийді түсімде жаздым.

Осы уақытқа дейін ауыз толтырып айтуға боларлықтай қандай да бір жетістікке жеткен болсам, адам ретіндегі нағыз миссиямды жете түсінгендіктен болар деп ойлаймын. 

Биікке өрлеудің басқа жолын білмейді екенмін.

– Сіз көре алған әлемнің ең ғажап нүктесі қайсы?

– Әлемнің талай елін аралап көру бақыты бұйырыпты. Тағдырыма ризамын! Тағы бір жай үшін тағдырыма мың мәрте шүкіршілік айтам! Әлемнің ең ғажап нүктесі – кең жазира қазақ жерінде өмір сүруді бұйырғаны үшін. 

– Парақшаңызда көбіне проблемалық тақырыптарды көтересіз. «Күйіп» тұрған тақырыптар төңерегінде ойлау денсаулығыңызға кері әсер етпей ме?Денсаулығыңызға қалай күтім жасайсыз? Күйзелістен ойыңызды қалай арашалайсыз?

– Керісінше, көзіме көрінген «күйіп» тұрған мәселелер жайлы айтпасам, жазбасам ауырып қалам. Проблемамен күресуден жаным жай табады. Бей-жайлық – менің жауым. Әлеуметтік апатия – қоғам үшін ең қауіпті сырқат. Жалын болып жанып, шоқ болып күйгенде ғана өмірім мән-мағынаға ие болады. Өзіме ғана емес, өзгеге де болса екен деген ниет адамға жігер береді. Өзің үшін ғана өмір сүрудің жануарлар тірлігінен не айырмасы бар?

Денсаулыққа күтім деген не? 

Мен қазір ғұмырымның «алтын кезеңінде» өмір сүріп жатырмын. Сондықтан денсаулық мәселесін өз қатарларымның тұрғысынан  баяндағаным дұрыс болар.

Осы уақытқа дейін жиған-тергенімнің (білім, тәжірибе, қаражат) қызығын көретін кез келді. Бұл жолда нендей күйді бастан кешкенім, не нәрселерді құрбандыққа шалғаным өзіме ғана аян. Бейнетімнің зейнетін көруге лайықтымын деп ойлаймын. 

Бала-шағамның бүгінгі жағдайына артық рет алаңдамаймын. Білімді, парасатты, өз күнін өзі көре алатын дәрежеге жеткіздім. Немерелерім өсті. Оларға да барымды сіңіріп бақтым. Алды студент, Америкада оқып жатыр. Кішісі де бой жетіп қалды, 9 сыныпта. Енді менің көмегімді қажет етпейді. Олар зумерлер – сандық технология мен жасанды иетеллек заманының балалары. Мен соғыстан кейінгі бэбибум кезеңінде дүниеге келген бумермін. Немерелерім керек десең өзіме ақыл үйретеді. Кейде солардың алдында сауатсыз көрініп, ұятқа қалмау үшін де ғаламторды тереңірек меңгермек боп тыраштанатыным бар.

Әйтседе ендігі жерде өзімді орынсыз зорықтырмаудың, сырқаттанып қалмаудың амалдарын қарастырам. Ауырып қалсам өзіме де, бала-шағама да уайм-қайғы әкелетінім анық. Дәрігерге жиі көрініп, профилактикалық шараларды атқарып отыру – міндет. Денсаулықты сақтап, өзіңді үнемі формада ұстап тұрудың жолдары жайлы әлемдік ақпараттардан хабардар болып отырудың да маңызы зор. 

Жас кезімде Ыстықкөлге жаяу баруды армандайтынмын. Телевидениедегі қызмет бұл арманымды орындауға мүмкіндік бермеді. Сәл босай қалсам тауға шығып, 25 шақырымға дейін алқынбай жүріп кететінмін. Осы күндері ондай қашықтыққа жүріп, жүрекке салмақ түсіруге болмайтынын түсінем. Сонда да кей күндері қызды-қыздымен Шымбұлақтан жоғары Тұйықсуға дейін жаяу тартып кететінім бар. Күнде таңертеңгісін өзен бойындағы 6-7 шақырымдық серуенді дағдыға айналдырғалы қашан. Таза ауада жаяу жүру –  қаражатты қажет етпейтін корольдік масштабтағы тегін фитнес.

Тән мен жан саулығын қатар алып жүре алсаң, бұл – мақтануға тұрарлық дүние. Кітап оқу, бұрын көрмеген жаңа дүниелерді тамашалау адам миындағы жаңа клеткалардың тірілуіне мүмкіншілік жасайтынын ғалымдар дәлелдеп қойған.

Сән салонына, косметологқа, стоматологқа барып, қалаған парфюмерияға қол жеткізу өзіңді-өзің сыйлаудың көрінісі деп ұғам. Өзін силамаған өзгені силап жарытпайды. 

Біреулер «алтын кезеңде» құлпырып, енді біреулер «қурап» кетеді. «Солып» қалғандардан көрі өмірсүйгіш, емен-жарқын көңіл күйде жүретіндермен қарым-қатынас орнату әлдеқайда ғанибет. 

Денсаулықты күтудің ең тиімді жолы – сүйікті ісіңмен айналысу. Хоббиім – жазу. Жуырда жеке ютуб арнамды ашып, «Мәнді өмір» деген атау бердім. Ондағы мақсатым, БАҚ-тарда көп айтыла бермейтін тың тақырыптарға ши жүгірту. Біреу қуып бара жатқан жоқ, асықпай сапалы бағдарлама дайындап, қазақ тілді контенттердің көбеюіне өз үлесімді қоссам деймін. Бұл менің жанымды жадыратады, санамды жасартады, бойыма қуат береді. 

Мен үшін денсаулықты күту деген – осы. 

Енді күйзелістен ойыңызды қалай арашалайсыз деген сұрағыңызға жауап беріп көрейін. Өмір болғаннан кейін күйзеліс болмай тұрмайды. Мұндайда  табиғатпен бетпе-бет қалуды қалаймын. Таза ауа, тау-тас, орман-тоғай, су сылдырының сырлы әуені – кез-келген жанның рухани кеселінен айықтыратын зор құдірет, теңдесі жоқ дәрумен. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН, 

"Рейтинг" газеті, қараша, 2021 ж

Жеңіс АЙТЖАНОВ, сиқыршы-иллюзионист: Ғажайыпқа сендіру– ең керемет жетістік
Нұрсәуле Толқын, сценарист, жас ақын: Мультфильмге сценарий жазатын драматургтер жоқтың қасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу