Нұрсәуле Толқын, сценарист, жас ақын: Мультфильмге сценарий жазатын драматургтер жоқтың қасы

Oinet.kz 24-11-2021 3742

Оқиға. Адамның жадында сақталатын яки сақталмайтын қызық жүйе. Кейде осыны ұмытпаймын дейтін мұңымыз, ешкімге айтпайтын шынымыз болады. Ол тек ішімізде өмір сүретіндей. Мульттерапия – өнермен емдеудің бір саласы.Ішімізде өмір сүретін эмоцияларды жеңуге көмек беретін ем. Еліміздегі анимация саласы туралы әңгіме болса, режиссерлерді әңгімеге тартамыз. Дегенмен процесс режиссерлерге дейін сценаристердан бастау алады. Көгілдір экран төрінен көрермен көңіліне жол алар туындыларр қалай жасалады? Анимациялық фильм қаһарманы қалай жасалады, көркемдік шешім нендей принциппен таңдалады, неліктен үлкендер мультфильм көрмейтіні туралы диалогымыздан оқи аласыздар. 

Screenshot_1.jpg

– Мультфильмге  сценарий  жазар авторлар прототипті ұзақтан іздемейді. Кейіпкерлеріңіздің тұлғасын қалай жасайсыз?

– Бізде мультфильмге сценарий жазатын драмматургтер жоқтың қасы.  Көбінесе киноның сценаристері немесе режиссерлер сценарий жазады. Режиссер идеясы нені өндіргісі келсе, сценарий де сол компазицияның бір ағзасындай. Дегенмен әр саланың өз маманы болғанын құптаймын. Мақсатты аудитория балалар болғандықтан, әрі анимацияда жас шектеуі ерекше назарға алынатындықтан оқиға желісін құрастыру – күрделі  процесс.  Үлкендермен салыстырғанда бала танымымен жұмыс істеген недәуір қиын.

Кейіпкер қазақстандық менталитетке сай болуы керек. Түр-тұлғасы, болмысы, мінез-құлқы біздің қоғамға сай, ұлттық бояуға ие болуы керек. Жасырын болса да, бар нәрсе көрер көзге білінеді. Әзірге «Нұрсәуле жасаған кейіпкер еді» дейтіндей анимацияда қаһарман жасаған жоқпын (күлді. Б.Ә.). Бұйыртса алдағы уақытта менің ой-жүйемдегі кейіпкерлерді экраннан тамашалайсыздар. 

– Адамдардың сұлулыққа құштарлығы бала жастан қалыптасады. «Ойыншықтар 4» мультфильмінде бас қаһарман қоқыстан жасаған, біз  қоятын талапқа жауап бермейтін ойыншығын ерекше жақсы көреді. Стандарттан тыс ой жүйесі болғанмен, бала мінезі екені нық. Сіздің де тәжірибеңізде сондай ерекше көркемдік шешім болды ма?

– Әрине, бәріміздің жанымыз жаңалыққа құштар. Десе де көбіміз бір шеңберден шаға алмай, шектеулер құрсауында өмір сүреміз. Тіпті басқа елдермен салыстырғанда бізде «жасалмауы тиіс» істер аясы кең. «Ойыншықтар 4» мультфильміндегі ол кейіпкерді арнайы балаларға жасатқан екен. Балалар сондай заттардан қандай ойыншық жасай алатынын зерттеген. Шығармашылық топ балалардың қиялынан туындаған ойыншықтар арасынан өздерінің туындысына қажетін таңдап алған екен. Бұл қадам – көрерменнің таңдау құқығына ие болуы десек те болады. Керемет шешім. 

Әрине бізге де сондай сценарий, ерекше шешімді мультфильмдер, қызықты шешімдер керек. Қазірге дейін отандық өнімдер арнайы талап шеңберінде қалыптасқан үлгіде жасалуда. Біз сценарийді жазғанымызбен, режисердің, суретшінің ой-пікірі шешуші рөл атқарады. Аниматорлар тіпті біз ойлағаннан басқа дүние жасауы ықтимал. Бұл – ұжымдық еңбек. Шешімді тек бір адам қабылдай алмайды. 

– «Жан» мультфильмінде адамның дүниеге келуі, өлуі бейнеленген. «Коконың құпиясында» да терең астар бар. Отандық өнімдерде переспектива қай деңгейде деп ойлайсыз? Бізде «ересектер мульт көрмейді» деген стереотип бар ма? 

– Мұнда айтатын нәрсе өте көп. Адам өмірге келген кезде бірнәрсе іздеп, бірнәрсе жасау керек деген оймен тумайды. Біз не үшін өмірге келгенімізді іздейміз. Мақсатымызды іздейміз. Кеудемізде бір бостық болады. Әрнәрсемен соны толтырғымыз келеді. Сол үшін біреу музыкант, сол үшін біреу ақын болады. Біреу өз қалауын басқа нәрсемен толтырғысы келеді. «Арманның биігіне жеттім» мен енді өлуге дайынмын деп ешкім ойламайды. Ешнәрсе істемей жүрген адамға «адамзатқа ешқандай пайда жасамадың, сен өле қал» демейміз ғой. Әркімнің өмірден алар өз орны бар. «Жандағы» Жиырма екінің (кейіпкер атауы) өмірге құштарлығын жай ғана бұтақтан үзіліп түскен еменнің жапырағы оятады. Біздің айналамызда қаншама нәрсе бармына өмірді тастап кетпеуге себеп боларлық. Керемет дүниені біз мультфильмнен көре аламыз. Яғни мультхикаяның шекарасы жоқ.  Бәлкім, бұл мультхикаяны тереңінен зерттеп, тереңінен ойлауға балалардың өресі, танымы жетпес. Бізде ересектер мультфильм көрмейді деген стереотип бар. Тіпті бәрі солай ойлайды десек те болады. Алайда қазір ересектердің танымы Кеңестік биосаяси жүйе қалыптастырған «серьезныйлық» қамалын енді бұзуда. Қазіргі буын азат ойлайды, мультфильмнен де ой, идея іздейді. Walt Disney, DreamWorks, Pixar секілді мультфильм жасайтын компаниялардың өнімін қалт жібермей көреді. 

Мультфильм – баланың санасын дамытушы функциясын атқарады. Бала өз жасына тән дағдыларды қалыптастыруда, қоғамға бейімделуде мультфильм арқылы ақпарат алуына болады. Дилеммаларда қалай шешім қабылдауды үйренсе болады. 

Анимациялық отандық өнімді дамытқысы келетіндер көп. Бұл – өнер ғой, әр адамның ішкі қалауы мен еңбегінің гармониясын талап ететін жүйе. Дамытуға қарағанда осы арқылы қалтасын қалыңдатуды  ойлайтындар да өте көп. Әрине әркім өзінің қалағанын жасайды. Оған дау жоқ. Әлемдік деңгейдегі переспективаға керемет дүние жасаған жоқпыз. Біздің аңыз-әңгімелеріміз қандай керемет? Патша көңіл көрерменнің жүрек төріндегі орнымыз әлі үңірейіп бос тұр… Біздің ертегілеріміз әлемдік деңгейдегі ертегілерден кем емес. Ағылшын тілінде өнім өндіру арқылы ғана өзімізді таныстыра аламыз деген түсінік бар. Бізде де осындай кереметдүниенің бар екенін білдіру үшін, сол кереметтің ұшқынын жасай алуымыз керек. 

– Неліктен адамдар есеюдің шекарасында мультфильм көруді «біртүрі іс» деп бағалайды? 

– Балалар жасөспірім кезеңге қадам басқанда өзін ересек сезінгісі келеді. Сол кезде мультфильмді «балалардың ермегі» деп бағалайтын шығар бәлкім. Содан да мультфильм көрмей кететін болар. Қазір мультфильм жас ерекшелігіне байланысты бөлінетін болды. Әр бала өз жас ерекшелігіне сай мультфильм таңдай алады. Бұрынғыдай стереотипке тап келмейтін қазіргі жасөспірімдер аниме көретін секілді. Біз жасөспірім аудиторияға бағытталған анимациялық туындыны әлі жасай алмадық. Сондықтан ешкімге «сен мультфильм қарамайды екенсің» деп кінә арта алмаймыз. Мен білетін жастардың арасында мультфильмді «біртүрлі іс» деп танитындары жоқ. Мүмкін ортам солай шығар. Әркіммен қай эпизод қалай әсер еткені жөнінде диалог құрамын. Қазір балалар 12 жасқа тллмаса да, ересек адамдарға тән ойлау дағдысындағы тақырыптардан хабардар. Себебі олардың ақпарат алатын аясы кең. 

– Анимация – бөлек әлем. Аниме, манга секілді өз аурасы бар дүниелерді жасаған жапондықтардың еңбегін ел тіл үйренбей-ақ қарайды. Біздің анимациялық өнімдер тендермен қоректенеді. Ол жыл соңындағы «есептің» шекарасында қалып қойған жоқ па? 

– Анимацияның бөлек әлем екендігімен келісемін. Қазақстандағы сол «бөлек әлем» қиырдағы арал іспетті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы дамытуға көп күш салып жатыр. Бұрын шетелдік табысты фильмдерьдің тасасында отандық өнімдер көп қалатын. Қазір отандық киноны қолдау қоры қаржылай көмектесіп, мәселелердің шешімін табуға белсенді кіріскен. Біздің ұлттық анимацияның көркеймей, дамымай қалуына қоғамдық-саяси жағдайлардың да әсері аз болған жоқ. Сол тоқырау тұсында жапондар, американдықтар бізден көш ілгері дамыды. Біз де даму көшіне ілесуге атсалысып жатырмыз. Қазір анимациялық киноларға тапсырысты «Балапан» телеарнасының тапсырысымен орындаймыз. Шетелде телеарна жұмысының өзі түр-түрге бөлініп маманданған. Бізде жалғыз «Балапан» арнасы ғана мультсериалдарды жасау үшін қомақты қаржы бөледі. Кинофонд және өзге де қаржыландыру қорлары біздегі дарынды режиссерлар үшін аздық етеді. 

– Нұрсәуле Толқын десе, ақынды елестетемін. Кейде мультфильмді. Ал сіз есіміңізді немен байланыстырасыз?

– Мен өзімді толыққанды сценаристпін, аниматормын деп айта алмаймын. «Ақынмын» деген сөздің өзінде қаншама салмақ бар?! Ол жүкті көтере алмайтын сияқты қорқыныш болады. Есімімді әртүрлі салалармен байланыстырып, әлемнің әр қырын танығым келеді. Менің шекарамда бұл қадамдар тек өзімді жан-жақты толықтыру мақсатында жасалады. Ақын бәрін білуі керек. Кинофильм, анимация барлық саланы қамтиды. Мен жан-жақты, толысқан, бар білімнен хабары бар адам болғым келеді. Болашақта өзімді солай елестетем.

– «Пенделік пе екен, қуанғанда емес,

Түсесіз еске мұңайсам»,-дейсіз. Қуанғанда есіңізге кім түседі?

– Пенде баласында қуаныштың өзі көп адамды,  көп нәрсені ұмыттырады. Жаныңа жақын адамдар  қайғың мен қуанышыңда маңыңнан табылады. Менің есіме қатты қуанғанда ата-анам түседі. Оларға барлық жақсы нәрсені айтқым кеп тұрады. Қайғырсам ата-анамды қоса мұңайтқым келмейді. Ол кісілерге ауыр эмоциямды білдірмеймін, айтпаймын. Ата-анам аз нәрсе үшін көл-көсір бақытты болатын, кішкентай дүние үшін үлкен қайғыны басынан кешіре алатын тап-таза адамдар, мен үшін. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН,

"Рейтинг" газеті, қараша, 2021 ж

Гүлмәрия Барманбекова, тележурналист: Желтоқсан оқиғасы – Ұлт азаттық көтеріліс
Айым АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, айтыскер ақын: Қазіргі айтыстың көрермені – қарттар мен ересектер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу