Ақтауда кішкентай бала көшенің қақ ортасында жүгіріп жүрген
Ақтауда кішкентай бала көлік ағыны көп жолдың қақ ортасында жалғыз жүгіріп жүрген. Оны өтіп бара жатқан жүргізуші байқап қалып, жол жиегіне шығарып, ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алған. Бұл туралы Оinet.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 14 наурыз, сенбі күні кешке 34а мен 35-шағын аудандар арасындағы автожолда болған.
Сол сәтте жақын маңда патрульдік полиция қызметкерлері жүрген. Капитан Тілекқабыл Жанбиев пен аға инспектор, капитан Нұрсұлтан Ізмұратов баланы қызметтік көлікке отырғызып, болған жағдай туралы Жедел басқару орталығына хабарлаған.
Кейін баланың ата-анасы оны жоғалтып алғанын айтып, «102» қызметіне жүгінгені анықталған. Баланы полицейлер аман-есен ата-анасына тапсырды.
Полиция ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.


