Qarakesek көше сыпырып жүр
Ақтөбеде танымал Qarakesek лақап атымен белгілі рэпер Омар Амантаев сот шешіміне сәйкес қоғамдық жұмысқа тартылды, деп жазады Оinet.kz.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімі Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігіне жолданған. Өз кезегінде аудан әкімдігі құжатты көше тазалығы мен абаттандыруға жауапты мердігер ұйым – Damu Life ЖШС-не тапсырған.
Компания басшысы Жандос Ерекешовтің айтуынша, Омар Амантаев Наурыз мерекесінен кейін жұмысқа кіріскен. Қазіргі уақытта ол белгіленген 100 сағат қоғамдық жұмысты атқарып жатыр. Рэпер көше тазалау, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Айта кетейік, Омар Амантаев өткен жылдың күзінде Ақтөбеде есірткіге мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сонымен қатар есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелді. Бұдан бөлек, оған психиатриялық ем алу да жүктелген.


