«Алла қаласа енді екі ұлдың анасы болсам» - Алтынай Жорабаева
Белгілі әнші Алтынай Жорабаева әйел адамның қоғамдағы және отбасындағы рөлі туралы баяндады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Ерінен төмен бола білу, тек мықты әйелдің ғана қолынан келеді ( Алтынай Жорабаеваның авторлық сөзі ). Менің өмірлік ұстанымым.
Біз отбасымызда 4 қыз екі ұл. Өзім де 4 қыздың анасымын. Алла қаласа енді екі ұлдың анасы болсам деген үмітім де жоқ емес. Әкеміз бізді ұлдарынан артық көріп, еркелетіп өсірді. Әлі күнге бар жылы лебізін білдіріп отырады. Осыны көрген ағам да, інім де үйдің қыздарын ерекше құрметтейді. Қамқорлық танытып, керек жерінде қызметімізге жарап жүреді. Жеңгеміз бен келініме де сондай сыйлы қатынас жасайды.
Қазір қарап отырсам, қыздарым да солай. Жолдасымды құрметтеп, сыйлап, еркелеп тұрады. Күйеуім де қыздарым десе ішкен асын жерге қойып, осыларды қуантуға барын салып жүреді. Кешегі мерекедегі көтеріліске байланысты не ойларымды да білмедім. Көзбен көріп отырып үндемесең, ұлт тағдырына бей-жай қарағандай боласың. Ал бірдеңе жазсаң, постты өшіріп отыр.
Хош, әйел табиғатына оралайық. Ерінен бір саты төмен тұрамын деу, еркелемеу, құрметтелмеу, назданбау деген сөз бе? Сенімен теңмін де теңмін деп тепсініп жүріп, нәзік табиғатымыздан айырылсақ, нағыз құрметсіздік сонда болатын сияқты. Әйел заты қашанда әлсіздігі арқылы ерінен қорғаныш күткен, Қамқорлық тапқан. Еркелеу арқылы назын айтқан. Нәтижесінде сыйластықта жүрген емес пе?
Бұл ер мен әйелдің ортасына Аллаһ орнатқан бағдарлама. Бұдан қашып батысқа еліктеп болмысымызды бүлдіріп жатқанымызды байқамай қалмайық? - деп жазды әнші.
Алтынайдың бұл жазбасына оқыған көпшілік әншіні қолдайтындығын білдіруде.
- "Алла разы болсын! Ана алдында төмендеген еркек, Төбесі көкке тиіп тұрады. Ер алдында төмендеген әйел, Ар алдында биік тұрады!", "Мен 4 қыздан соң ұлды болдым, енді тағы ұл күтіп жүрмін. Аллаһтың қалауымен сіз де ұлды боласыз", "Маң маң басып ондаған жылдар бұрын қадамын аттап, бүгін осындай дәрежеге жетіп қалыпты бұлар, біз үй, жұмыс, кредит, балашаға деп жүргенде. Қайткен күнде де бұларға жол бермеуіміз керек", "Ерінен төмен болған әйелдің өзінің дәрежесін Алла өзі көтеріп қояды", "Егіз ұл тап. Бақытты болуға лайықтысың" - деп жазды желі қолданушылары.