Әнші Саят Медеуовтың анасы қайтыс болды
Қазақ эстрадасының жұлдызы Саят Медеуовтың анасы өмірден өтті. Нұрғайша әжейдің қазасы туралы қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып, Мейрамбек Бесбаев жеткізді.
Бесбаев өнердегі әрі өмірдегі досына қайғыра көңіл айтып, Instagram желісінде жантебірентерлік жазба жариялады. Өнер иесі өз анасындай болып кеткен Нұрғайша әжейдің қазасын ауыр қабылдаған.
"Қадірлі досым, бүгінгі суық хабар жанымды жылатып, жүрегімді езіп кетті. Саят бауырымның анасы Нұрғайша апамыз қайтыс болды. Елге барғанда еміреніп бауырына басып, балаларым келді деп бар мейірімін төгіп күтетін, кең жүректі асыл адам еді. Досым, бар адамзат жиылып келіп мейірін төксе де анаңның орнын баса алмайды. Алланың жазғанына адамның көнбеске шарасы бар ма. Анамыздың иманы жолдас болсын. Барша ағайын-бауырға қайғыра көңіл айтамын" , - деп жазды "МузАРТ" әншісі.
Саят Медеуовтың қайғысына бірқатар өнер жұлдыздары да ортақтасқан. Олар да әлеуметтік желідегі парақшаларында анасынан айырылған әншіге көңіл айтып, қолдау білдірген.
"Суық хабардан төбеме жәй түскендей болды ғой. Нүкен Тәтемнің иманы жолдас болсын. Мені Алматыға оқуға бағыттаған, осы мамамның жеңгесі, Саят нағашымның анасы Нүкен тәтем еді. Иманды болсын. Бекем бол Саят. Барша Медеуовтер әулетіне,нағашыларыма қайғырып көңіл айтамын" , - деп марқұм жайлы естелігімен бөлісті Айгүл Иманбаева.
"Өкінішті жазғымда келмейді. Мына аты жаман індеттен Саят досымыздың анасы қайтты өмірден. Кеше ғана бәрімізге ортақ ана болып,батасын беріп жүрген Нұрғайша шешейден көз жазып қалдық. Саят бекем бол. Қайғыңа ортақпыз. Анамызды Алла алдынан жарылқасын" , - деп жазды Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева.
"Ағайын, телефонды ашқаннан қорқатын болдық. Саяттай ағамыздың анасы бақилық болыпты. Алла алдынан жарылқасын" , - деп көңіл айтты тележүргізуші Ерқанат Көпжасар.