Белгілі актер мен ақынның аналары өмірден озды
Танымал ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек пен белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолданың аналары өмірден өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде қос азаматтың анасының қазасына көңіл айтып, басу айтқандардың қарасы көп. Белгілі ақын Қалқаман Сарин Facebook-тегі парақшасында Ақберген Елгезектің қайғысына ортақтасқан.
- "Ақберен Елгезектің бауырымның анасы бақиылық болыпты. Алла Тағала анамызды рахымына бөлеп, жанын жәннаттық қылсын", - деп жазды ол.
Ал Дулыға Ақмолданың анасының өмірден озғанын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы жеткізді.
- "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, кино және театр актері Дулыға Досмахамбетұлы Ақмолданың анасы Оразкүл Таңсықбаеваның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасы, туған – туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Анаңыздың жатқан жері жайлы болып, рухы пейіште шалқысын! Жаны жаннатта болсын! Артында қалған ұрпақтарына ұзақ та бақытты ғұмыр берсін!" - делінген көңіл айту мәтінінде.