Димаш Құдайберген өз тарапына айтылған қауесет сөздерге нүкте қойды
Жаһанды ерекше үнімен баурап, үлкен танымалдылыққа ие болған қазақстандық жезтаңдай әнші Димаш Құдайберген өз тарапына айтылған түрлі қауесет сөздерге нүкте қойды. Қазақстандық жанкүйерлерін алаңдатқан сұраққа жауап берген жұлдыз ресми парақшасында мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
"Құрметті достар, Евровидение байқауына Ресей атынан қатысу туралы көптеген хаттар келіп түсіп жатыр.
Бұл байқауға мен тек қонақ ретінде шақырса ғана қатысуым мумкiн. Қатысушы ретінде байқауға қатыспаймын және керек деп санамаймын. Аса құрметпен жанкүйерлеріме айтарым, халықаралық аренада мен тек қана бір елдің атынан шыға аламын, ол менің Отаным - Қазақстан!
Қолдауларыңыз бен ыстық ықыластарыңызға рақмет. Менің "Арнау" атты жеке концерттік турнемде кездескенше!", -деп жазды жас әнші өз парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ресейлік БАҚ беттерінде қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің "Евровидение-2020" халықаралық байқауына Ресейдің атынан қатысатыны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат көптеген отандастарымыздың шамына тиді.
Осыған байланысты өнер иесінің PR менеджері ресми түрде пікір білдірді.