Нұртас Оңдасынов - тазалықтан жаралған тұлға

Oinet.kz 30-01-2014 1348

«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!». 

Нұртас.jpg

Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың ағынан жарылып айтқан сөзі. Нұртас Дәндібайұлының өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. 

Сталиндік репрессия мен Хрущевтің билігі жүрген алпысыншы жылдардың басыпа дейінгі аралықта уақыттың құлы болып қалу оңай еді де, халықтың ұлы болып қалу тым қиын еді. 

Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай  бар-жоғы 34 жаста жоғарғы қызметтің жауапкершілігін арқалады.  Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар педагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңырағын көтеріп, уығын өз қолымен қадады. Бұдан басқа Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу теміржолын, теріскейге теміржол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академиясын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты тағайындауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бірақ, оның осынау қайраткерлігі Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Себебі, Оңдасынов тың игеру науқанындағы асыра сілтеуге ашық қарсы шыққан. 

Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп жүр. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен аластап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады. 

Көзі тірісінде көрнекті қайраткер: «Орындалмаған үш арманым бар, - депті. – Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйырмады. Екінші арманым – оңтүстік облыстарда керемет, талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «жершіл, рушыл» деп айта деп  қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ, тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».

Нұртас Оңдасынов – арнайы «ғылым докторы, кандидаты» деген атақ-дәрежесі болмағанымен, езйнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсышақазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Үш жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып, ауыл молдасынан хат таныған ол тынбай оқу іздеп, білімділігімен биікті бағындырды. Жетелеусіз жемісті еңбек етіп, жетістікке жетті. Осыдан төрт жыл бұрын 15-16  қазанда көрнекті қоғам қайраткерінің кіндік қаны тамған киелі Түркістан шаһарында 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл той барша мұсылман баласы қадір тұтатын қасиетті рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келді. 

Қаланың орталығынан Нұртас Оңдасыновтың аллеясы, тарих тереңінен сыр шертетін мұражай мен «Дарын» мектеп-интернаты ашылды. Азаматтың туған ауылы бұрынғы Аманкелді кеңшарында, қазіргі Нұртас ауылында аруағына Құран бағышталды. ХҚТУ-дың мәдениет сарайында ғылыми-теориялық конференция өтті. Бірақ, бұдан Оңдасыновтың бар болмысы, атқарған ісі,  тарихтағы орны, қайраткерлігі, азаматтығы – бәрі-бәрі айтылып,  толық ашылды деуге болмайды. Оңдасынов өмірі мен қызметінің әзіл зерттелмеген, ашылмаған жақтары өте көп. Ең өкініштісі – Н. Оңдасыновты кейінгі ұрпақ жақсы тани бермейді. Газет беттерінде де аз жазылып, экраннан мүлдем көрсетпейді десе де болғандай.

Министр Корея мен Түркияның телеөнімдерін тоқтатам деп еді...
Б.Алдияр: «Қалқамен Сарин Шөмішбай Сариев сияқты шоумен. Ал Ақберен Елгезекті түк түсіне алмаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу