Б.Алдияр: «Қалқамен Сарин Шөмішбай Сариев сияқты шоумен. Ал Ақберен Елгезекті түк түсіне алмаймын»

Oinet.kz 30-01-2014 2420

«Әкім түскен үйдің босағасына ат байланады, ақын түскен үйдің босағасына бақ байланады» деуші еді. Бүгінде осы екеуінің бір-бірінде шаруасы жоқ, дәлірегі ақыны әкімін, әкімі ақынын іздемейтін болды. Әкімдерді іздейтін ақындарды  да білемін, олар Абай Құнанбаевтың «есектің артын жусаң да мал тап...» дегенін тікелей қабылдап, мал табудың жолына түсіп кеткені қынжылтады.

Қалқаман Сарин.jpg

Біздің буында Жарасты (Сәрсек) жақсы жазып жүр деп айтуға болады. Өлеңдері өзінің мінезі секілді. Біртоға, томаға тұйық, бірақ, айтары бар. Сосын Әлібек (Шегебай) досым жақсы жазып жүр. Бізден кейінгі буынның арасында ғаламтор арқылы танылған ақындар қаптап жүр. Соның біреуі Ақберен Елгезек. Шынымды айтайын, мен Ақберенді түсінбеймін, түк түсіне алмаймын. Бірақ, ғаламтордағы жарнамасы жер жарады. Өзінің жеке сайты бар. Қалқаман (Сарин) жақсы ақын, бірақ, оның алдында бір қатер тұр, қауіп бар. Мен Шөмішбай Сариевті ақын ретінде мойындаған емеспін, бұдан кейін де мойындамаймын. Қалқаман екінші Шөмішбай, яғни «Поэт песенник» болып қалуы мүмкін. Ол шоуға көбірек әуестеніп барады. Дұрыс, шоудың айналасында ақша бар шығар, бірақ, ақындықты шоумендікке айырбастауға болмайды. Бақыт (Беделхан) та мықты ақын, бірақ, оны жұрт бүгінде асаба ретінде көбірек танитын болған. Жүрсін Ерман менің өнердегі жақын ағам. Ол керемет ақын, талантын талассыз мойындаймын. Көп жазбайды, бірақ, аз жазса да саз жазады. Қарапайым халық Жүрсін Ерманды ақын деп емес, айтысты жүргізуші адам ретінде жақсы таниды. Әрине, сананы тұрмыс билейтіні өмір заңдылығы. Алайда, бір нәрсені ұмытпау керек, қоғам тура осы бағытпен кете бермейді. Әр нәрсенің шегі болады, тоқтайды. Түбінде халық «өлең деген, проза деген мынау екен ғой, нағыз мықты ақын, нағыз мықты жазушы мынау екен ғой» деп түсінетін болады. Мойындайды.  

Кейінгі буын ішінен тараздық Ерлан Жүніс деген жігіттің жазғандары ұнап жүр. Қарағандыда Серік Сағынтай бар. Шымкентте ақындар жоқ емес, бар. Дәурен Айманбетов, Батырхан Сәрсенхан, Әлімжан Әлішер деген үш ақынның жазғандары жаман емес, бірақ, олардың шарықтау аспандары тар. Оңтүстіктің аспанынан әріге аса алмайды. Менің түсінігімде болатын ақын 25 жасқа дейін өзін бүкіл республикаға танытып үлгеруі тиіс.

Аға буын өкілдерінің шәкірт тәрбиелеудегі шикіліктері  көп. Қазір шалдардың барлығы зейнетке шыққаннан кейін шетінен ақын, шетінен жазушы болып шыға келеді. Шежіре жазып, тарихшы болатындар да жеткілікті. Қолдары бос. Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында бір топ, яғни тойдың шымылдығын ашатын немесе қадірлі қонақтар келгенде мақтау-марапат айтатын, бата беретін кезекші шалдар бар, алайда, сол топқа қосылмайтын бір қадірменді қарияны білемін. Ол- қарымды қаламгер ӘдіҺам Шілтерханов.

Марқұм Қаныбек Сарыбаев таңертеңнен кешке дейін менің қолымнан қысып ұстап алып, қасына ертіп жүретін. Қашан ұйықтайды, қолымды сол кезде босатады. Сол кісінің қасында жүріп көп нәрсені көрдім, талай ой түйдім. Мен бала кезімнен өзінен кейінгі буынды іздеген бір ғана адамды білемін. Ол - Темірхан Медетбек. «Алтын көпірліктер» деп мақала жазды.    Мен де ізімізді басқан мықты бір ақынды іздеп жүрмін. Бірақ, әзірге жарқырап шыққан ешкімді таппадым. Бұл жайт көңіліме қорқыныш ұялатады. Ол қандай қорқыныш? Айталық, біздің Оңтүстік Қазақстан облысына қатысты сөз қозғасам, қаламы қолынан түспей жазып жүрген ең жас жазушы Нұрғали Ораз, ең жас ақын мен болып қалдым. Нұрғали Ораз 50-ден, мен 40-тан асып барамын.

Менің түсінігімше, сыншының негізгі міндеті – қалыптасып үлгерген адамды емес, жаңадан шығып келе жатқан жастардың, есімі енді естіле бастаған жастардың шығармашылығын талдау деп білемін. Ал бізде қалай? Мәселен, Әшірбек Сығай өзінің қатарластарын, өзінің буындарын сынға ала береді. Құлбек Ергөбек те, Әлия Бөпежанова да сыншы. Бірақ, марқұм Кеңшіліктің Амангелді деген ұлы бар, соның өзінен кейінгі буынға айтқан орынды сынын ғана мойындаймын.

Бақытжан Алдияр,

ақын, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты        

Нұртас Оңдасынов - тазалықтан жаралған тұлға
Димашты сынаған Беделхан көпшіліктің ашуын тудырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу