Крещениеде қазақтарға суға түсуге бола ма?

Oinet.kz 10-07-2019 1591

Screenshot_20.jpg

Соңғы жылдар Крещение рәсімінде суға шомылатын қара көздеріміздің қатары көбейіп келеді. Кеше ғана елдегі бірқатар сайттар Астана қаласындағы «шоқынуға» яғни, шомылуға қазақтардың көп барғанын және славян ұлттарынан гөрі солардың көбірек шомылғанын айтып жазып жатты. Кереку де кенде қалып жатқан жоқ. Қазақтардың шомылғанын былай қойғанда былтырдан бері сол жерге киіз үйлерді тігіп қоятын «дәстүрді» шығарды. Қазір қара көздеріміздің славян ұлттарымен бірге Крешение рәсіміне қатысып, суға шомылатынына таң қалмайтындай жағдайға жеттік. Біреулері өзге ұлт өкілдері достарымен бірге қызықтап шомылса, енді біреулері расымен де «қасиетті» су деп табынып жатқандары бар. Бәрінен бұрын танымал адамдардың көзге түскені қораш көрінеді екен. Әнші Қайрат Нұртас инстграм парақшасында 18-ші қаңтар күні Крещениеге арнайы дайындалған мұздың ойығына түсіп шомылған видеосын таратып жіберді. Қайраттың табынаушылар оны ақтап әлек болса тағы бір нөпір табалап жатыр. «Крещение» Иоанн Креститель пайғамбардың Иордан өзенінде Иисус Христосты (Иса пайғамбарды) шоқындыруынан туындаған мейрам. 18-19 қаңтар күндері тойланады. Крещение – христиандардың мейрамы. Бұл мейрамды «Богоявление» мейрамы деп те атайды. Өйткені, олардың сенімінше, дәл осы күні Құдай әлемге өзінің үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінген. Атап айтсақ: Құдай Бала (Бог Сын) – Иса Мәсіх Иордан өзенінде шоқындыру рәсімін орындады, екінші, Қаситті Рух (Дух Святой) – Исаға көгершін кейпінде түсті, үшіншісі Құдай Әке (Бог Отец) - Иса Мәсихті көктен дауыс шығарып куәландырды. Православ сеніміне қарағанда, осы күндері (18-19 қаңтар) жер бетіндегі барлық су атауы жаңарып, тазарады екен. Су өзінің құрамындағы жаман рухтық энергетикадан арылады-мыс. Бірақ, оның тазаруы «киелі» болғандығының белгісі емес. Киелі болуы үшін арнайы діни рәсіммен дұға айтылуы керек. Ол үшін, шіркеу әкейі дұғаларын оқып, суға айқышты (крест) батырады. Осыдан кейін барып, әлгі су «қасиетті» болып, соған шомылған кісі рух тазалығы мен тән тазалығына қол жеткізеді-мыс.

Дінімізде бұл жайында не дейді?

Исламда өзге дін өкілдеріне құрметпен қарап, діни рәсімдерін орындауларына кедергі жасамаған. Осыған орай, ортақ қоғамда бірге өмір кешіп келе жатқан христиан дін өкілдерінің бұл мейрамына да құрмет қарау мұсылманның тән қылық. Әйтсе де, бұл – мұсылмандардың да осы күнді қасиет тұтып, «Крещение» мейрамның құрметіне мұздай суға шомылуына болады деген сөз емес. Қайсыбір бауырларымыз осы күннің қасиеттілігіне сеніп, сол күнгі суды «киелі» санап шомылса онысы мұсылманшылыққа жат және күпіршілікке апаратын әрекет. Өйткені, бір мұсылманның аталмыш күнді қасиет тұтуы - оның астарындағы пәлсәфәні, нанымды мойындайтындығын көрсетеді. Ал, Құранда Алла тағала: «Алла деген – Мәриям ұлы Иса ғой» деушілер, сөз жоқ кәпір болды...», - деген.

Сонымен қатар, «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады», - деген аят та бар.

Осыдан кейін, Керещениені «киелі» санап шомылып шаттанып жүрген мұсылмандарды екі топқа бөлуге болатын сияқты. Біріншілері, бұл рәсімнен хабары жоқ мақұрым қалғандар, екіншілері біле тұра өзі дініне қарсылық танытқандар. Соңғысының күнәсі ауыр!

Айтпақшы, Кереку өңірірнде Крещение рәсімінде 10300 адам мұз жарығына түсіпті. Олардың қаншасы мұсылман екені жайлы нақты дерек жоқ.

Есенбек Санатұлы

Мұрағаттан, 2016 ж

1 сүрбойдаққа 2,5 кәрі қыздан келеді
Құран сүрелерін желіде тарату кімге керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу