Құран сүрелерін желіде тарату кімге керек?
Бұрындары жаңалықты атаулыны жұрт ауыздан ауызға таратушы еді. Ал қазір жақсы-жаман ақпараттың барлығын алдымен әлеуметтік желілерден еститін болдық қой. Әлеуметтік желілер әсіресе үгіт-насихат жасауға таптырмайтын құралға айналды. Өкінішке орай ғаламтор, желілердің жастарға берер пайдасынан гөрі зияны басымырақ болып тұр. Себебі жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақша қаптаған секта, жат ағымның өкілдері дәл осы әлеуметтік желілер арқылы адамдарды өз торына түсіріп жатыр. Байқасаңыздар кейінгі кездері Құран сүре, аяттарын желілерге жіберіп, «осы жазбаны пәленше адамға тарат, екі-үш күнде сенің өміріңде қуанышты жағдай орын алады, егер таратпасаң мұның соңы жақсылыққа апармайды, бақытсыздыққа душар боласың» деген сарынды хабарламалар көбейді. «Бақыт әкелгіш» жазбаларға имандай сенетіндер желідегі достарына тоқтаусыз жіберіп жатады. Ал кейбіріміз жәй ғана оқып, мән бермеуге тырысамыз. Алайда осы хабарламалар қай жақтан, қай елден келіп жатыр? Оның шығу төркіні мен мақсатының не екеніне бас қатырып жатқан ешкім жоқ.
Жақында желілерде осы сұрақтың жауабы көпшілікке тарап кетті. Тель-Авивте шығатын «Ньюз» газетінде «Ислам дінін әлсіретіп, оған деген сенімді құрту және оны жеңіп шығу» деген тақырыпта мақала жарияланған көрінеді. Онда Израильдің дін өкілі Генри Льюнердің сөздерінен үзінді келтірілген. Генри былай дейді: «Біздің күндіз-түні ватсапта жұмыс жасайтын арнайы көмекшілеріміз бар. Олар ватсапта арабша, түркіше, иран, үндіше т.б мұсылмандар сөйлейтін барлық тілде жазбалар жазып, салып отырады. Бұл жазбаларға Құраннан сүрелер мен аяттар саламыз. Тек аяқ жағына «Осы жазбаны он адамға тарат, сол кезде өміріңде бір ғажайып нәрсе орын алады. Осыны таратсаң бақытқа кенелесің» деген мағынада жазбалар қосамыз. Бұның анық екені, таратқан жандарда оң өзгерістер болып жатқанын да қосып қоямыз. Ал шын өмірде мұсылман жан ешқандай өзгеріс болмағанын көреді. Бұл хабарламалар үздіксіз келе бергесін және ешқандай әсері болмағасын иманы әлсіз мұсылман Алла мен оның пайғамбарына деген сенімнен айырылады. Осы арқылы біз олардың діндерін әлсіретіп, сенімдерінен ажыратамыз. Өйткені олар осы хабарламалар арқылы өз діндерінің сағым сияқты құр елес екен деп сенімдерін бұзып алады. Көңілдеріне шайтан кіреді. Осылай біз олардың ислам дінін жеңіп шыға аламыз».
Ия, расында да қазір ислам дінінің жаулары көп. Олар дінімізді жеккөрінішті ету үшін және мұсылман бауырларды тура жолдан тайдыру үшін түрлі айла-шаралар ойлап табуда. Бақыт әкелгіш смс-тердің де астарында осындай жымысқы әрекеттің тұрғаны анық. Сондықтан әлеуметтік желідегі жазбаларға сеніп, иманыңызды әлсіретіп алмаңыздар!
Бауыржан Асылбек