Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Егемендігімізді алып, бетіміз құбылаға бұрылып, маңдайымыз сәждеге тиіп, құлшылығымызды жасап, құрбандығымызды шалып, Алланы зікір етіп, көк байрағымыз көкте желбіреп, діни сенім бостандығы өз қолымызда тұрған осы бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманда әр төбеден үй тіккендер пайда болды. Бұл біздің бағымыз ба, сорымыз ба? Осындай бейбіт заманды біздің ата-бабаларымыз аңсап кетті емес пе? Арғы жағы Бұқар жырау:
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда,
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес не пайда,
Діл мұсылман болмаса,
Тіл мұсылман не пайда? –
деп, жырлап өтсе, бергі жағы ақиық ақын Мұқағали:
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды-ау қайдан бүгін?!
Құбылаға бет бұрып, қол қусырып,
Сәждеге бет қоятын қайда күнім? – деп халқымыздың маңдайына бейбітшілік болып жазылар күнді, асыл дінімізбен қауышатын кезді аңсап өткен жоқ па?
Бүгінгі таңда өкінішке орай қатігездік пен күш қолдануды, біреудің өмірін оңай ғана қия салуды, зорлық-зомбылық жасауды діннің атымен байланыстыратындар пайда болды. Болашағынан үміт күттірер жастарымыздың біразы айдағанның арбауында, жетектегеннің жетегінде кеткені де рас. Ақ-қарасын толық білмей, соқыр сеніммен «Жиһад» жасауға бара жатырмыз деп шетел асып кететіндер пайда болды. Отбасын, әке-шешесін, туыстарын тастағанымен, басқа елде сұлтан болмақ түгіл ұлтан да бола алмайтындықтарын, бұл іс-әрекет Алла жолындағы «жиһад» емес – барып тұрған қылмыс, парыз емес - күнә екенін білсе ғой? Біздің жастарымыз бұл жағдайға қалайша тап болды? Не үшін?
Мұның бір себебі – миымызға келіп түскен ақпаратты тексермеуімізде, сүзгіден өткізіп, таразылай алмауымызда. Соңғы кездегі тенденцияға үңілейік. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы Ирак пен Сирия аумағында құрылған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарында «Жиһадқа» қатысуға үндейтін түрлі ақпараттар таралуда. Ол хабарламалар әсіресе «В Контакте», «WhatsApp» желілерін қаптап кеткен. Интернет парақшаларында «Ислам мемлекетіне» келіңдер, мұсылмандар кәпірлерден қорлық көріп отыр, шариғатпен басқарылатын «Ислам мемлекеті» құрылды, пайғамбардың заманындағыдай өмір сүреміз, жиһад жасаймыз, сауапқа батамыз, осы жолда құрбан болып кетсек тікелей жәннатқа барамыз, ол жерде ешбір сұрақ-жауап болмайды, мәртебеміз бәрінен жоғары болады» сынды үндеулерді табуға болады. Ал осының барлығы рас па? Исламның шынайы негіздеріне қаншалықты сәйкес келеді? Осыны жан-жақты талқылап көрейік.
«Жиһад» сөзінің түбірі жааһада – южааһиду, жиһад, мужаһәда. Тілдік мағынасы: ынталану, күресу, жігер жұмсау немесе соған төзу, яғни қиындыққа шыдау дегенді білдіреді. Құранда бұл сөз әртүрлі формада 34 рет келтірілген. Шын мәнінде Құранда жиһадқа қатысты қолданылған термин бірнеше мағыналарда қолданылады. Мысалы: өз нәпсісімен күресу, бұзықтықпен, зұлымдықпен, қоғамдағы жаман істермен, мұнапықтар және дұшпандармен күресу, үгіт-насихат, сабырлылық жолындағы жүру. Аяттардағы мағына осы аталғандардың бірі болуы мүмкін. Алайда радикалды көзқарастағылар барлық аяттарды тек бір мағынада - қарулы соғыс түрінде қолданады.
1) Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді.
Оларды қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар. Бұзақылық, кісі өлтіруден қиын. Мешіт Харамның жанында олар сендермен соғыспайынша, ол жерде олармен соғыспаңдар. Егер олар сендерді өлтірсе, сендер де оларды өлтіріңдер. Кәпірлердің жазасы осылай. (Бақара сүресі 190-191 аяттар);
2) Ал қашан құрметті айлар шықса, сонда мүшріктерді қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Оларды ұстаңдар, қамаңдар және олардың бүкіл жолдарын аңдып отырыңдар. Сонда егер олар, тәубе қылса, намазды толық орындап, зекет берсе, онда олардың жолын бос қойыңдар. Расында Алла жарылқаушы, ерекше мейірімді. (Тәубе сүресі 5-аят).
3) Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар. (Тәубе сүресі 36-аят).
Жоғарыда келтірілген аяттарды діни радикалды ұйымдар өз көзқарастарының құқықтылығын дәлелдеу үшін және тыңдарманның жиһадқа қатысты ойын қалыптастыру мақсатында жиі қолданады. Осы аяттар шын мәнінде мұсылманнан басқаның бәрімен соғысуға, жиһад жасауға уағыздайды ма? Әлбетте жоқ. Бұл аяттарды радикалды діни ұйымдардың өкілдері өздерінің көзқарастарына сәйкес түсіндіреді.
Әрине діни білімі жоқ адам бұл аяттардың негізгі мағынасын түсінбеуі мүмкін. Радикалдар «Құран Кәрімде Алла Тағала біздерге кәпірлерге қарсы соғысуды парыз етті, сондықтан мұсылман еместерден теперіш көріп отырған халықты олардың езгісінен құтқару мұсылманмын деген әрбір азаматтың мойнындағы парызы, оны әрбір азамат орындауы ол үшін парыз айн (міндет), орындасаң сауапқа батасың, және де осы парызды өтеу жолында ешнәрседен тайынбайсың, мұсылманның өмірін қию, мал-мүлкін тартып алу, үйін қирату, әйелін күң, бала-шағасын құл қылуға шариғат рұқсат етеді, және сол жолда жазатайым мерт болып кетсең, онда шаһид (шейіт) болғаның. Ал, шаһид ешбір сұрау-сынақсыз тіке жәннатқа барады, орындамасаң керісінше Алланың заңына қайшы келген боласың әрі күнәһар болып есептелесің, сенің бұл әрекетіңді Алла кешпейді» деп түсіндіреді. Діни сауаты шамалы адам бұған имандай сенуі мүмкін. Сөйтіп радикалды ұйымдардың шырмауына қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалады.
Сырттай қарағанда Бақара сүресіндегі «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар», «Оларды қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер», Тәубе сүресіндегі «Ал қашан құрметті айлар шықса, сонда мүшріктерді қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер», «Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар» деген аяттары расында да мұсылмандарды соғысқа шақырып, кәпірлерді (мұсылман еместерді) өлтіре беруге болады дегенді білдіретіндей көрінеді. Бірақ, мұндағы мағына мүлдем басқа.
Әуелі мынаған тоқталып өтейік. Бұл аяттарды дәлел ретінде ұстайтын адамның Құран аяттарын түсіндіре алатындай арнайы діни білімі, оның ішінде араб тілін, құран, хадис ғылымдарын, фиқһ (ислам құқығы), құран аяттарының түсу себебін, аяттың қандай оқиғаға байланысты түскенін, және сол аяттың насых (күшін жоюшы) немесе мансұқ (күші жойылған) екендігін, оның үкімі парыз, уәжіп, сүннет, мүбах немесе мұстахаб екендігін, егер бұйырылған болса қай уақытқа немесе қандай жағдайда бұйрық үкімінде болатынын, аяттың алдыңғы және кейінгі аяттармен байланысын білуі шарт. Егер со сұрақтардың біріне жауап бере алмаса, қасиетті аяттарды тек өз түсінігімен түсіндірген болып шығады.
Ал енді аяттың түпкілікті мәніне үңілейік. Тәубе сүресінің бесінші аятындағы: «Ал қашан құрметті айлар шықса, сонда мүшріктерді қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Оларды ұстаңдар, қамаңдар және олардың бүкіл жолдарын аңдып отырыңдар. Сонда егер олар, тәубе қылса, намазды толық орындап, зекет берсе, онда олардың жолын бос қойыңдар. Расында Алла жарылқаушы, ерекше мейірімді», - делінген Алланың сөзінен мұсылмандардың мұсылман еместерге қарсы соғысуы шарғи міндет деген мағынаны білдірмейді. Бірақ аяттан мүшріктермен соғысу туралы мағына аңғарылады. Бірақ қай мүшріктер? Аятта Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманындағы исламның бастапқы дәуірінде мұсылмандармен соғысқан араб мүшріктерімен, құрайш мүшріктерімен соғысу туралы айтып отыр. Мұхаммед (с.ғ.с.) Мекке мүшріктері мұсылмандарға қиын жағдайлар туғызғаны ислам тарихынан белгілі. Алла соғысуға басқа да қантөгістерді жасауға тыйым салған 4 ай бар. Аяттағы айтылып отырған «құрметті айлар» сол төрт ай. Яғни, сол кезде мекке мүшріктеріне, құрайштарға өз уәделерінде тұрмағандықтары, келісім-шартты толық орындамағандықтары және мұсылмандардың ар-намысымен қадір-қасиетін сыйламағандықтары үшін осы тәубе сүресінің алғашқы аяттары түскен болатын. Аят бойынша оларды төрт ай бойына өз еркіне жіберіңдер, өздері не мұсылмандықты қабылдайтындықтарын не болмаса соғысатындықтарын шешіп алсын. Төрт айдан соң «мүшріктермен» соғыса беріңдер. Яғни, мүшріктермен олар сендермен қандай қарым-қатынас жасаса сендер де олармен дәл солай қарым-қатынас жасаңдар деген мағына.
Бақара сүресіндегі «Оларды қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар. Бұзақылық, кісі өлтіруден қиын» деген аяттың соңына зер салыңыз. Мұнда діндегі бұзақылық меңзеліп отыр. Басқаша айтқанда адамның жеке басына, ар-намысына, ерік-жігеріне дұшпандық жасау кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Аят өткен шақтағы оқиғалар желісі бойынша құрылып отыр. Осы шаққа, біз өмір сүріп отырған заманға айтылып жатқан жоқ. Демек, бұл аятты кәпірді қайда жүрсе де ұстап алып өміріне қастандық жасай салу, азаптау, қорқыту, үрейлендіру және солардың негізінде «жиһад» жасау деп түсіндіре алмаймыз. Ал кімде-кім дәл сол мағынада қолданатын болса сөзсіз ол бұрмаланған қате түсінік.
Осы аяттардың бәрін жиһад ұғымына құрылған радикалды көзқарастың өкілдері өз мақсаттарына жету үшін қолданады. Біліңіз, Сирияға аттанғандар Алланың сауабына бөлену үшін емес, қылмыс жасау үшін кеткендер. Себебі ислам ешқашан да басқаның өмірін қиюды, мал-мүлкін талан-таражға салуды, ар-намысымен қадір-қасиетін қорлауды қоштамайды. Керісінше, ислам діні барлық ұлттар мен ұлыстар және діндермен бейбіт өмір сүруге, барша адамзатты татулыққа, көркем мінез-құлыққа, жұмсақ болуға шақырады.
Екінші мәселе жиһадты діни іс-шараға жатқызу қаншалықты құқықты? Жиһад діни мәселе ме әлде дүнияуи мәселеге жатама? Ғалымдар ислам құқығын екіге бөлген. Ғибадат бөлімі және қарым-қатынастар бөлімі. Ғибадат бөліміне хадисте келгендей исламның бес тірегі жатады: куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау, қажылық өтеу. Ал екіншісі қарым-қатынастар бөлімі. Оған қоғам мен тұлға арасындағы қатынастар жатады. Мысалы: халал, харам, отбасы мәселесі, мирас алу, өсиет ету, азаматтық қатынастар, сауда-саттық, мемлекет және басшы, басшының міндеттері, жеке тұлғалар мен олардың міндеттері, осының барлығы конституциямен, заңдармен реттеліп отырады.
Белгілі ғалым Юсуф Қарадауи жиһадты ғибадат бөліміне емес, қарым-қатынастар бөліміне жатқызады. Сонымен қатар Юсуф Қарадауи жиһадтың үкімі парыз кифая екендігіне ғұламалардың басым бөлігі бір ауыздан келіскенін «Фиқһул жиһад» кітабында бұлтартпас дәлелдермен келтіреді. Ханафи мазһабының беделді ғалымдарының бірі «Бадаъий ас-Санаъий фи тартибу аш-Шараъий» кітабының авторы Абу Бакр әл-Касани (қ.ж. 587һ.) да жиһадтың парыз кифая екендігін, сонымен бірге малики мазһабының өкілі Сахнун және Мухаммад ибн Рушд та жиһадтың парыз кифая екендігін келтіреді. Мінеки, көріп отырғандарыңыздай, жиһад оңай ғана күмп етіп түсіп, кірісіп кете салатын дүние емес. Сирияға шақырып жүргендердің үгіті исламның шынайы қайнар көздері мен негіздеріне түпкілікті қайшы келеді. Олар айтатын есеп-қисапсыз жәннаттың төрінен орын алу, хор қызының сұлулығына бөлену - бәрі-бәріде иллюзия. Егер жиһад жасау мақсатында жазықсыз біреудің жанын қисаңыз, азап көрсетсеңіз, мал-мүлкін тартып алсаңыз, ар-намысымен қадір-қасиетін қорласаңыз бұл сауап емес, керісінше, үлкен күнә болып табылады. Өзіңіздің, бала-шағаңыздың, әке-шешеңіздің және туған-туыстарыңызбен дос-жарандарыңыздың осындай шырғалаңға түсіп қалмауына жауапты екеніңізді ұмытпаңыз.
А.А.Мирзаходжаев,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамасы институтының бас сарапшысы