Менің таңдауым - Ханафи мәзһабы
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығының» мамандары «Менің таңдауым—Ханафи мәзһабы» деп аталатын анықтамалық сараптамалық-талдау әдістемелік көмекші құралын жарыққа шығарды. Кітапшада Қазақстан мұсылман халқының ұстанатын Ханафи бағытының халқымыздың рухани өмірі мен мәдениеті, салт-дәстүрінде тарихи орнының маңыздылығы айтылған. Сондай-ақ Қазақстан тарихының қалыптасуында Имам Ағзам Ханафи мәзһабының артықшылығы мен ерекшеліктері жан-жақты баяндалған.
-Ханафи мәхһабының ерекшелігі сол шариғатқа қайшы келмейтін халқымыздың дәстүрлерінің, әдеп-ғұрыптарының барлығына құрметпен қарайды. Халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болуы тиіс. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді. Қазақстанда мекендеген халықтың 76 пайызы ислам діні, Ханафи мазһабын ұстанады. Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, демократиялығымен де ерекшеленеді Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі--өз дүниетанымы, болмысы мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында. Біздің басты мақсатымыз—халқымыздың жүрегін біліммен нұрландырып, жанына иман гүлін егіп, рухани байлығын одан да арттыра түсу үшін адапгершілікке тән қасиеттерге жетелейтін, әділдікті, шындықты, адалдықты уағыздайтын, елін, халқын сүюге тәрбиелейтін, басқа ұлт, басқа діндерге құрметпен қарайтын, ең жақсы әдеп-ғұрыптарды уағыздайтын Ислам дінінің құндылықтарын сауаттылық әрі парасаттылықпен насихаттау,--дейді кітапшаны құрастырушы дінтанушылар.
-«Алла—хақ, пайғамбарымыз—Мұхаммед (с.ғ.с.) қасиетті кітабымыз—Құран болғанымен, әлем сүннеттері төрт мәзһабқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан басты артықшылығы Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр салттарының да кеңінен қолданылуында. Міне, сол себепті ханафиттер жер жүзінде ең көп тараған мәзһаб болып есептеледі. Менің бұның бәрін айтып отырғаным: дін ұстараның жүзіндей өткір нәрсе. Мұнда жаза басып, жаңылысуға болмайды. «менікі дұрыс» немесе «мен білемдік» емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз». Кітапта Елбасымыз Н.Назарбаевтың ханафи мәзһабының маңыздылығы туралы айтқан осындай керемет сөздері берілген. Кітапшаның алғыс сөзі де Елбасының «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз» деген «Қазақстан -2050» стратегиялық жолдауындағы сөздерімен басталады. Кітапшаны Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» кеңейтілген ғылыми кеңесі мақұлдаған.
Б.Ерназар,
Мұрағаттан, 2015 ж