Жат ағым өкілдерінің жемтігі - жастар
Кереғар ағымдардың халыққа тигізер зияны орасан екені айтпаса да түсінікті. Зайырлы мемлекетімізге үлкен қауіп төндіріп отырған мұндай ұйымдардың жұмысына тосқауыл қою, алдын-алу шаралары, насихат жұмыстары әр өңірде жүріп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ішкі саясат және дін істері басқармасының әлеуметтік бастамалар орталығы осындай мақсатта жыл соңына дейін 3200 кездесу ұйымдастыру жоспарланған дейді. «Жат ағым өкілдерінің дінді бұрмалап, халықтың санасын улайтын уағыздарына өкінішке қарай сеніп қалатын жандар аз емес. Әсіресе, діннен хабары аз жастар жағы олардың жемтігіне айналуда. Олар күнделікті өмірде біз бен сіздің арамызда жүріп сенімге кіріп алуда. Ислам атын жамылып, бетперде кигендердің шынайы жүзін білу қиын. Сондықтан олармен күресу оңайға соғып жатқан жоқ. Соңғы жылдары үгіт-насихат жұмыстарына, іс-шара, кездесуларге көп көңіл бөліп отырмыз. Әр кездесу барысында жасөспірімдерге ислам дінінің тек тыныштық пен берекеге үндейтінін, терроризм мен соғысты қаламайтын дін екенін жеткізуге тырысамыз. Биыл да облыс көлемінде үш мыңнан астам кездесу ұйымдастырмақпыз»,- дейді «Әлеуметтік бастамалар орталығының» директоры Нұржан Тұрсынбай. Директордың мәліметі бойынша Оңтүстікте жат діннің жетегінде кеткендердің саны 1300-ге жуықтайды екен.
«Қой терісін жамылған қасқырлармен» күресудің бірден-бір жолы діни сауаттылық екені рас. Осы орайда елге ақылшы болар имамдардың сауатының жоғары болуы маңызды. Облыстың бас имамының айтуынша, Алланың ақ үйінде Құран оқитын қарилардан бастап имамдарға дейін аттестациядан өткен. Дін қызметкерлерінің сауатын барынша арттырған соң, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендермен күресті күшейтпек. «Намаз оқудың барысында немесе ықыласпен келген жамағаттың көптігін пайдалану негізінде түрлі насихат жасаған жағдайлар кезікті. Сондықтан осы мәселеге баса назар аударудамыз. Имамдардың сауатты болуы осы секілді қауіп-қатердің алдын алады.Мешіттерге сол себепті тек білімі жоғары имамдарды қабылдауға тырысамыз. Осы орайда аттестацияның көмегі көп тиюде. Аттестацияның кезінде көзқарасы, сенімі, амал-әрекеті, оның ұстанымы — барлығына арнайы сұрақтар қою арқылы анықталған.»,- дейді облыстық орталық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек.
Аталмыш аттестацияның нәтижесінде 30-ға жуық қари іріктеліп алыныпты. Олардың саны, әзіресе, Рамазан айында аздық етеді. Сондықтан болар, тарауих намаз оқитын қарилардың бір тобын Орта Азия елдерінен арнайы шақыртқан. Атап айтқанда Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан қарилар шақыртылған Олардың саны — 18 екен.
Сондай-ақ облыста діни сауаттылықты арттыру мақсатында биыл 32 мың кітап тегін таратылатын болады. «Әлеуметтік бастамалар орталығының» мамандары «Мемлекет. Қоғам. Дін», «Дін және дәстүр» телебағдарламалар мен «Жасөспірімдерді жат діни ағымдардан сақтандыру» тақырыбында он минуттық анимациялық фильм дайындалып жатқанын айтты. Бұдан өзге теріс бағыттағы діни үгіт-насихаттың алдын алу мақсатында 15 бейнеролик пен 5 фильм әзірленуде екен. Сонымен қатар орталық өкілдері «Құранды біз білеміз бе?», «Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар», «Ислам мәдениеті мен салт-дәстүрдің сабақтастығы», «Менің таңдауым – Ханафи мәзһабы» сынды әдістемелік құралдар мен кітаптар шығарып, тарататындарын мәлімдеді.
Мұрағаттан, 2015 ж