Теріс ағымдардың қаупінен сақтанудың жолы—діни сауаттылық

Oinet.kz 01-05-2019 1838

           dkh4U49pMJKlw3RG-lg.jpg

           Кереғар ағымдардың халыққа тигізер зияны орасан екені айтпаса да түсінікті. Зайырлы мемлекетімізге үлкен қауіп төндіріп отырған мұндай ұйымдардың жұмысына тосқауыл қою, алдын-алу шаралары, насихат жұмыстары әр өңірде жүріп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» осындай мақсатта жыл соңына дейін 3200 кездесу ұйымдастыру жоспарлаған. 

--Жат ағым өкілдерінің дінді бұрмалап, халықтың санасын улайтын уағыздарына өкінішке қарай сеніп қалатын жандар аз емес. Әсіресе,  олардың көздегені діннен хабары жоқ көкөрім жастар. Олар күнделікті өмірде  біз бен сіздің арамызда жүріп сенімге кіріп алады. Ислам атын жамылып, бетперде кигендердің шынайы жүзін білу қиын.   Сондықтан олармен күресу оңайға соғып жатқан жоқ. Соңғы жылдары үгіт-насихат жұмыстарына, іс-шара, кездесуларге көп көңіл бөліп отырмыз.  Әр кездесу барысында  жасөспірімдерге ислам дінінің тек тыныштық пен берекеге үндейтінін, терроризм мен соғысты қаламайтын дін екенін  жеткізуге тырысамыз. Биыл да облыс көлемінде үш мыңнан астам кездесу ұйымдастырмақпыз,- дейді «Әлеуметтік бастамалар орталығының» директоры Нұржан Тұрсынбай. Директордың мәліметі бойынша Оңтүстікте керағар ағымдардың жетегінде кеткендердің саны 1300-ге жуықтайды екен. 

            «Қой терісін жамылған қасқырлармен»  күресудің бірден-бір жолы діни сауаттылық екені рас. Осы орайда елге ақылшы болар имамдардың сауатының жоғары болуы маңызды.  Облыстың бас имамының айтуынша, Алланың ақ үйінде Құран оқитын қарилардан бастап имамдарға дейін аттестациядан өткен. Дін қызметкерлерінің сауатын барынша арттырған соң, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткендермен күресті күшейтпек.  

--Мешітке намаз оқуға келген жамағатқа теріс ағымдардың насихатын жүргізбек болған жағдайлар кездесті. Сондықтан осы мәселеге баса назар аударудамыз. Имамдардың сауатты болуы осы секілді қауіп-қатердің алдын алады. Мешіттерге сол себепті тек білімі жоғары имамдарды қабылдауға тырысамыз. Осы орайда аттестацияның көмегі көп тиюде.   Аттестацияның кезінде имамдардың көзқарасы, сенімі, амал-әрекеті, ұстанымы — барлығы арнайы сұрақтар қою арқылы анықталған,- дейді облыстық орталық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек. 

           Аттестацияның нәтижесінде 30-ға жуық қари іріктеліп алыныпты. Олардың саны, әзіресе, Рамазан айында аздық етеді. Сондықтан болар, тарауих намаз оқитын қарилардың бір тобын Орта Азия елдерінен арнайы шақыртқан. Атап айтқанда Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан қарилар шақыртылған  Олардың саны — 18  екен.

         Сондай-ақ облыста  діни сауаттылықты арттыру мақсатында биыл 32 мың кітап тегін таратылатын болады. «Әлеуметтік бастамалар орталығының» тапсырысымен  «Мемлекет. Қоғам. Дін», «Дін және дәстүр» телебағдарламалар және «Жасөспірімдерді жат діни ағымдардан сақтандыру» тақырыбында он минуттық анимациялық фильм дайындалып жатыр.  Бұдан өзге теріс бағыттағы діни үгіт-насихаттың алдын алу мақсатында 15 бейнеролик пен 5 фильм әзірленуде.  Сонымен қатар орталық  өкілдері «Құранды біз білеміз бе?», «Елімізде тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдар», «Ислам мәдениеті мен салт-дәстүрдің сабақтастығы», «Менің таңдауым – Ханафи мәзһабы» сынды әдістемелік құралдар мен кітаптар шығарып, оны халыққа таратумен де айналысуда.

Мұрағаттан, 2015

Жат ағым өкілдерінің жемтігі - жастар
Қадыр түні... Мешітке көрші дүкенде тізілген арақ-шарап, сыра
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу