Некені ойыншыққа айналдырғандарға қалай тосқауыл қоямыз?
Соңғы жылдары Қазақстанда «шариғат жолын ұстадық» деп, некелерін мемлекеттік органдарда тіркеуді қажетсінбейтін ерлі-зайыртылардың пайда бола бастағаны жасырын емес. Бір өкініштісі, неке суын ішкенімен қолдарында заңды құжаттары жоқ жұбайлардың жолдары бұдан кейін екіге айырылып жатыр. Соңғы уақытта кең қолданысқа ие болған «халал жезөкшелік» деген түсінік тікелей осы жәйтпен байланысты. Теолог мамандар мұның барлығы теріс ағымдардың, радикалды топтардың пайда болуынан және шариғат үкімдерінің қоғам арасында дұрыс түсіндірілмеуінен орын алуда дейді.
Жақында ақпарат құралдарында «халал жезөкшелікті» басынан өткерген Күләш атты 35 жастағы келіншектің оқиғасы жарияланды. Бас кейіпкердің сөзіне қарағанда ол соңғы бес жылда тоғыз рет тұрмысқа шығып, ажырасыпты. Бүгінде ол бір ұл тәрбиелеп отырғанымен оның әкесінің кім екенін білмейді. Отыз жасында ол намаз оқитын жігітпен танысып, оған тұрмысқа шыққан. Бір жылдай отбасын жалғыз өзі асыраған Күләш бір күні ашумен күйеуіне табыс тауып, отбасын асырау қажеттігін ескерткен. Әйелінің сөздерін жаратпаған күйеуі «еріңе дауыс көтеріп сөйледің, шариғаттың заңдарын бұздың, сенімен ажырасамын» деп «талақ» сөзін айтқан. Бірнеше күннен кейін Күләштің көзінше досына қоңырау шалып «мен әйеліммен ажырастым, оны өзің жар етіп алуыңа болады» деген. Көп ұзамай күйеуі ұшты-күйлі жоғалып кеткен, орнына жаңа «күйеуі» келіпті. Күләш басында жағдайды түсінбей таңырқап, мұндай бассыздыққа қарсы екенін айтқанымен екінші күйеуі «Алланың қалауына қарсы шығып жатырсың, «талақ» айтылған әйел көп ұзамай қайта тұрмысқа шығуы қажет» деп басын айналдырған көрінеді. Көп ұзамай екіншісі де себепсізден себепсіз «талақ» айтып ізін суытып, орнын жаңа досын қалдырып кеткен. Осылайша Күләш бес рет құжатсыз некеге тұрып, «талақпен» ажырасып отырған. Бұл радикалды топтардың қоғамға тигізіп отырған зардабының бір ғана көрінісі. Бізге белгісізі қаншама.
Талақ – араб тілінен аударғанда «әйелімен ажырасу, некені бұзу» дегенді білдіреді. Ислам дінінде талақ ету тізгінін ер кісіге берген. Шариғат талабы бойынша «талақ» арасына белгілі бір уақыт (төрт ай, он күн) салып үш рет айтылуы тиіс. «Талақ» сөзін 3 рет қайталаған ер адамның некесі бұзылады. Талақ ететін ердің ақыл-есі түзу және сергек болуы керек. Талақ етілген әйел «ғиддат» мерзімінде, яғни 3 ай бойы ерінің немесе ата-анасының үйінде тұруы тиіс. Бұл 3 айда ері айтқанынан қайтып әйелімен отбасылық өмірді қайта бастауы мүмкін. Шариғаттың осы заңдылығын алға тартқан теріс ағымдағылар «талақ» сөзін оңды-солды пайдаланып, қаншама қыздардың өміріне балта шабуда. Бұл қоғамдық проблемаға айналуда десек те болады.
Осындай келеңсіздіктердің белең алуына байланысты жақында Дін істері комитетінің өкілдері имамдарға мешіттерде АХАЖ бөлімінің заңды неке куәлігінсіз шариғат жолымен неке қимауға кеңес берді. Дін істері комитетінің өкілдерінің айтуынша, мұндай мәселелер («халал жезөкшелік») заңсыз некеге тұру және заң органдарындағы сәйкес есепке алынбай ажырасу жағдайларынан шығады әрі көбіне дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанған адамдардың арасында кездеседі. "Мәселен заңды тіркелмеген некелер көп жағдайда ата-аналардың келісімінсіз және мешіттен тыс жерде қиылады. Олар белгілі бір уақыттан кейін ешқандай жауапкершіліксіз біржақты бұзылуы да мүмкін. Мұндай некеге тұрудан және жауапкершіліксіз әрекеттерден көп жағдайда әйел адамдар зардап шегеді, олар басындағы проблемалармен тек жеке өзі күресуге мәжбүр болады және әлеуметтік көмектерден де қағылады - дейді комитеттің өкілдері. Сол себепті Комитет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мешіттерде неке қию рәсімін азаматтар неке туралы куәлікті алған жағдайда және туыстарының куәлігімен ғана өткізуді кеңес етіп отыр.
Қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырған бұл құбылысқа билік өкілдері әзірге осындай тосқауылдарды ұсынып отыр. Қыз-келіншектердің өмірімен ойнап, отбасы, неке деген қазақтың қасиетті ұғымдарына ат үсті қарап отырған діни ағымдардың іс-әрекетін қалай тоқтатуға болады? Жалпы «халал жезөкшелік», «талақ» сөздерінің мағынасы қандай және оларды біздер қалай қолданып жүрміз?
Серік Тәжібаев, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, ғылыми қызметкер, магистр:
«Хадистен тәрбие алайық»
Дін тұрғысында «Талақ» мәселесіне қарасты шариғат заңнамаларын бұрыс идеологиялық ағымдар өз нәпсілеріне қарай бұрмалап,соның салдарынан қаншама апа-қарындастарымыздың көз жастарына күәгер болып жатырмыз. Мәселенің өте маңыздылығында күдік жоқ. Өйткені жансақ пікірлі бұрыс ағым бағыттарына – салафизм, Таблиғи жамағатты және шииттік бағыттағы ағымдарды жатқызуға болады. Ел-аузында тарап жатқан хабарларға мысалдар келтіре кеткеніміз орынды болар. Мәселен: салафизм деп отырған бағыт өкілдерінің отбасындағы әйел затына деген салғырттықтары соншалықты бөгде елде отырған шейхтарына ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, жеңіл халде ажырасуға пәтуа алып жатады. Тіпті, әйел затының «Иддаттық» күту мерзімін ескермей, екінші бір бауырына жұбайын талақ еткендігін хабарлап, ажырасқан әйелінің мекен-жайын берумен қатар неке бабындағы шартнамалар орындалмай жатып идда мерзімі өтпеген екінші әйелмен некесі қиылып жатқан жағдайлар да аз емес. Мұнымен оқиға аяқталған жоқ. Керісінше, жесірдің екінші рет ақ-некеге тұрғанымен бақытты боламын деген ойы бос қалады. Әлгі ердің бұрыс ағым ықпалында кеткенінен бейхабар жан, тізбекті ажырасу хикаясының зардабын қайта кешеді. Осылайша неке мен талақ оқиғалары ешқандай да дәйексіз әрмен қарай жалғасын тауып жатады. Ал Исламда мұндай ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салынады. Талақ – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы. Сол себепті Құранда Алла тағала мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып:«(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен. Егер, Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері бойынша әрекет етер болсақ, әрбір отбасының іргесі берік болары хақ. Жастардың қалаған уақытта үйленіп те қалаған уақытта «талақ» деп ажыраса салуы қоғам дерті. Бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алудың жолдары қайтадан сол отбасыдан басталады. Ондағы ата-ананың балаға берген тәрбиесі. Әрбір ата-ана баласына жақсы тәрбиеден маңызды еш нәрсені мұра етіп қалдыра алмайды.
"Халал жезөкше" деген тіркестің өзі дұрыс емес, бидғат. Мұндай жағдайлардың алдын алуға сәйкес шаралар қабылданбаса 10-15 жылдың ішінде мұндай үрдіс Қазақстанда белең алуы мүмкін және сондықтан бұл мәселелер заң жүзінде шешіліп отыруы тиіс.
Қалмахан ЕРЖАН, теология ғылымының докторы, доцент:
«Жалған «талақ» таяқ жегізуде»
-Дана халқымыз ұлы ер жетіп, қызы бәлиғат жасына толған шағында «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды» міндет санаған. Себебі, отбасын құру, ұрпақ көбейту – асыл дініміздің қасиетті де ардақты ісі болып саналады. Адам баласы һәм қоғам үшін отбасы қаншалықты маңызды саналған болса, Хақ діннің ең соңғы ардақты елшісі де отбасына соншалықты мән берген. Қасиетті неке шартының толық болуы үшін, некеге тұруға өтініш білдірген жастардың екеуі де балиғат жасына толған әрі ақыл есі дұрыс болуы, некелесуге кедергілерінің болмауы, куәгерлердің болуы, өмірлікке некелесу, екі жақты разылық және мәһірдің болуы сияқты маңызды түйіндер ескерілуі керек. Неке қазақ халқы үшін де өте ардақты, қасиетті ұғым, халық арасында мұны «ақ неке» деп ардақтайды. Жан жолдасын «ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде көпшілік алдында некесі қиылады. Некесі қиылмай, қосылған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған.
Кейінгі кездері БАҚ немесе ғаламтор беттерінде назар аударар болсақ, кейбір жастарымыздың асыл дінімізді бұрмалап, қолғап ауыстырғандай әйелдің бірін алып, екіншісін тастап, «талақ» етуі немесе жаман жолға түсіп, отбасының тамырына балта шабатын және келешек қоғамның ыдырауына жол ашатын, халықты іштен ірітетін қоғамдық індет, жеңіл жүріспен айналысып жүргенін байқауға болады. Ислам діні мұндай індеттердің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Алла тағаланың көрсеткен адал жолымен қосылып, перзент сүйіп, берекелді шаңырақ көтеру арқылы өз ар-намыстарын сақтауды – отбасын құрмақ болған кез-келген адамның мойнына үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінген жөн. Үйленген адам дүниеден өткенше некеге кіршіксіз адал болуы, оны мәңгілік сақтауы өте маңызды. Талақ деп ерлі-зайыптылардың арасындағы некенің бұзылуын, яғни ажырасуын айтамыз. Сондай-ақ, неке тақырыбына немқұрайлық танытып қалжыңға айналдыруға болмайды. Себебі «үш нәрседе ойнауға болмайды: неке, талақ және құлдықтан азат ету» делінген. Олай болса неке қалжыңдасуға да тыйым салынған амалдарға жатады.Себебі, Ислам діні ақ неке арқылы құрылған жанұяның баянды болғанын қалайды. Сондықтан да, Ислам ғалымдары ажырасуға көбіне оң көзбен қарай бермейді.
Еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуін қаласақ, неке ұғымын дұрыс түсініп, үлгілі отбасын құрайық. Қала берді осы бақытты шаңырақ ішінде келер ұрпаққа саналы тәрбие беріп ел азаматы, иманды да ибалы қыз балаларды тәрбиелейік.
Ғалым Шойкин, Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы:
«Насихат керек»
-Соңғы кездері Қазақстанда шариғатты алға тартып некелесіп артынша ажырасып кету оқиғаларының көбейгені рас. Бұл сұмдықты тоқтату үшін халық, әсіресе жас қыздармен жігіттер арасында дін, ислам, неке тақырыбында кең ақпараттық ағарту жұмысты жүргізу қажет. Менім білгенім «халал жезөкшелік» сөзтіркесі ислам дінінде мүлде жоқ. Бұл теріс діни ағымдардың Исламды қорлау әрекеттері деп түсінемін. Біздің қоғамымызға, дәстүрлі құндылықтарымызға, дүниетанымымызға жат нәрсе және қауып-қатер төндіретіні анық. Елді адастырып, қыздарымыздың, аналарымыздың арын қорлап жүргендерді тек қана заң жүзінде және дұрыс насихат арқылы жеңе аламыз.
Мұрағаттан, 2015 ж