Халифат құруға құлшыныс: Идеологиясы мен себеп-салдарлары

Oinet.kz 30-04-2019 1020

Screenshot_5.jpg

Әлемдік ақпарат құралдарында Еуропа елдерінен 3000-нан астам, ал Орталық Азия елдерінен – 4000-нан астам адамның Сирияға жиһадқа аттанғаны жайлы ақпарат беріліп жатыр. Бұл адамдардың елге аман оралғандары, әрине, мүлдем өзгереді. Олар исламистік идеологияны – ислам дініне мақсты мен мүддесі, болмысы мен болашағы мүлдем кереғар саяси идеологияны бойларына сіңіріп, сол идеологияны, яғни Халифат үлгісіндегі теократиялық мемлекет құру арманын өздерінің өмірлік ұстанымына айналдырып, сол үшін жан пида етуге дайын болып келеді. Сондықтан олар зайырлы мемілекет пен секуляристік қоғам үшін өте қауіпті күш болып табылады.

Қай құбылыстың болсын болмысы мен табиғатын терең зерттейтін Батыс елдерінің стратегиялық орталықтары бүгінгі жиһадшының портретін сомдап жатыр. Зерттеушілердің пікірінше, адамдар жиһадшы ұйымдарға үш түрлі жолмен келіп қосылады. Біріншісі – өз жолымен, дербес түрде келетіндер. Екіншісі – өзге адамдардың көмегімен келетіндер. Ал, үшіншісі – арнайы құрылымдардың тартуымен жиһадшылар қатарына қосылушылар.  Бірінші топтың адамдары – экстремистік идеялар мен ұстанымдарды өздігінше меңгеріп, өз бетінше «Әл-Қаида» сияқты террорлық ұйымның құрылымдарымен байланыс орнатып, оларды өздері іздеп тауып қосылатын исламшылар. Зерттеушілердің пікірінше, бұл топ азшылықты құрайды. Екінші топ өкілдері, яғни көмекшілердің арқасында террорлық топтарға қосылғандар – негізгі топты құраушылар. Бір немесе екі жиһадшы топпен байланысы бар адамдар жиһадқа аттануға ынталы болып жүрген жастарға көмек қолын созып, олардың радикалдық топтарға қосылуына жол ашатын мінездеме, қолғабыс хаттарын береді. Жоғарыдағы екі топ – өздері белсенді түрде жиһадқа аттанбақ болып жүргендер. Ал үшінші топты – жиһадшы ұйымдарда айтарлықтай қызмет атқарған, қарулы қақтығыстар мен ғазауаттарға қатысқан исламшылар арнайы іздеп тауып, жиһадшылар қатарына қосады. Әдетте бұл топқа енуі мүмкін болған адамдар мешіттер мен жаттығу залдарынан, әлеуметтік желілерден табылып жатады. 

Интернеттің дамуы жиһад үдерісіне соны серпіліс берді. Facebook, Twіtter, YouTube, Paltalk Іnstagram сияқты әлеуметтік желілерді исламшы  ұйымдар бүгінде кеңінен пайдаланып жатыр. Жиһадшы ұйымдардың уағыздары мен үгіт-насихаттық жолдаулары бұрын негізінен араб тілдерінде болса, бүгінде бұл дүниелер ағылшын, неміс, француз және голланд тілдерінде берілетін болды. Лондонның атақты Королева колледжінің студенті Рошонара Чодри есімді қыз 2010 жылы Ирак соғысын қолдап сөз сөйлегені үшін Британия парламентінің мүшесі Стивен Тиммстің қарнына бірнеше рет пышақ сұғып, парламентарийді қатты жарақаттады. Бұл қыздың ешқандай экстремистік ұйымдармен байланысы болмаған. Ол күні бойы Интернеттен радикалдық сайттарды қарап, исламшы уағызшыларды тыңдайды екен. Сол уағызшылардың ішінде «Әл-Каиданың» бас уағызшысы Анвар әл-Авлакидің сөздері оған ерекше әсер етеді. Нәтижесінде Лондон колледжінің студенті компьютердің алдында отырып-ақ жиһадшыға айналды. Жуырда бүгінде әлемді шулатып жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымының басшысы Абу Бакр әл-Бағдадидің уағызына көзім түсті. «Ислам мемлекеті» көсемінің уағызы орысшаға өте сапалы аударылыпты. Қазақ тілінде көрсетіліп жатқан сериалдардың аудармашылары Әл-Бағдадидің аудармашыларының қолына су құюға да жарамас еді. Терроризммен күресу міндеті болып табылатын мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның түрлі институттары Интернетті толық бақылай алмаса да, тым болмаса сол саладағы  ұлт мүддесіне кері үдерістерді сараптап отыруы керек. 

Саяси ислам жолына түсіп, сол жолдың идеалдары үшін басын бәйгеге тіккен жастарды, еуропалық зерттеушілердің пікірінше, төрт топқа бөлуге болады. Бұл жастар негізінен рухани ізденісте жүрген адамдар. Олар «дүниеге неге келдім, артымда қандай із қалдырамын» деген ойлардың шырмауында жүргендер. «Әл-каидаға» осындай – өмірдің мәнін іздеп, таба алмай, рухани ізденісте жүрген адамдар керек. Бұл адамдарды қай әлеуметтік топтан шыққанына, біліміне, сондай-ақ,  жасына қарамай оларды біріктіріп тұрған бір ортақ ұқсастық бар – оладың барлығы ізденістегі адамдар. Ал «Әл-Каида» сол ізденіс пен рухани дағдарысты – террорлық әрекет пен қатыгездікке айналдыра алатын ұйым.   Бұл жастарды, жоғарыда айтқанымыздай, төрт топқа жатқызуға болады. Біріншісі – кек алуды армандайтындар. Бұлар адамдар жиһадшылардың 30 пайызын құрайды. Бұл белгілі бір жетістікке жете алмағаны үшін айналадағыларды айыпты санайды. Бұл, мысалы, сәтсіз махаббаттан, оқудағы олқылықтардан да туындауы мүмкін. Ол адамдар өмірден әбден түңілген. Мұндайларды экстремистік ұйымдар өз айтқанына жүргізе алады. Екінші топ – қоғамдағы орны мен абыройын арттыруды армандайтындар. Бұлар түрлі диаспоралардың өкілі болуы мүмкін. Бұл топ өкілдеріне қоғам оларды түсінбейтіндей, оларды өз мәртебесіне сай бағаламайтындай түйіледі. Бұл адамдар  қоғамның назарын өздеріне қаратуды армандайды. «Әл-Кайда» бұл адамдарға даңқ пен құрметке кенелу жолын ұсына алады. Бұл топтың өкілдері  жиһадшылардың 25 пайызын құрайды екен.   Үшінші топ – өздерін тануға ұмтылып жүргендер. Бұл адамдар қоғамда өз орнын таба алмай жүргендер. Даңқ пен мәртебесін арттыруды мақсат ететін топ өкілдерінен бұлар айырмасы – бұл топ өкілдері белгілі бір ұйымға мүше болуды арман етеді. Бұл адамдар үшін бір ұйымға мүше болу – өте маңызды фактор. Ал, төртінші топ өкілдерін «желіккен жастар» деуге болар еді. Бұл топтың өкілдеріне – адреналин қажет, олар өздерін нағыз батыр сезінгісі келеді, оларды өздерінің отбасылық мәселелері мен бай-бағландар баратын бекзаттардың кештері мен клубтары қызықтырмай қойған. Олардың экстремистік топтарға қосылудағы мақсаты – қызықты, күтпеген жағдайлар мен оқыс оқиғаларға толы өмір өткізу. Бұл контингент орташа есеппен жиһадшылардың 5 пайызын құрайды екен. Бірақ, бұл топ өкілдеріне кәнігі жиһадшылар күдікпен қарап, алғашында оларды қара жұмысқа жегеді. Кейін жансыз еместігіне көз жеткізген соң, олар жиһадшылар қатарына енеді. Зерттеушілердің жазуынша, бұл топтың өкілдері негізінен ауқатты ортадан шыққан жастар болғандықтан, көп ұзамай өздерінің үйреншікті орталарына оралады. Міне, батыстық зерттеушілер қолына лупа алып зерттеп жүрген еуропалық жиһадшылардың сипаты осылай. 

Орталық Азия елдерінен жиһадқа аттанғандардың  сипаты мен болмысы жайлы зерттеулер арнайы органдар қабырғасында болмаса, ашық ақпарат түрінде әлі қоғамға ұсыныла қойған жоқ. Қоғамды тану, онда болып жатқан түрлі құбылыстарды зерттеу, болашаққа болжам мен бүгінге – жоспар жасау жағынан ақсап тұрғанымыз бар. Данышпандар: «Өзіңді таны» дейді. Қоғамның да өзін тануға ұмтылғаны жөн. 

Тарауық намазы қанша ракағат?
Некені ойыншыққа айналдырғандарға қалай тосқауыл қоямыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу